Әрбір ата-ана бауыр еті баласының – өздері дүниеге әкеліп, аялап өсірген ұл-қызының адам, азамат болуын бар жан-жүрегімен қалайды. Олардың жақсы білім алып, мықты маман болуы, сөйтіп, өмірден өз орнын табуы үшін бүкіл мақсатын, бар күш-мүмкіндігін жұмсайды. Осындай ойлары орнықты орындалып жатса, бұл нағыз қуаныш, тіпті, бақыт! Бұл ретте қаскелеңдік ерлі-зайыпты Құлымбетов Балтабай Мырзахметұлы мен Жүсіпова Рая Қалабайқызы туралы атап айтуға әбден болады дер едік.
Мәселен, Бәкең мен Рекеңнің Жанат есімді қыздары қазір Германияда тұрады, сондағы бір компанияда қызмет істейді, бес шетел тілін біледі. Ұлдары Талғат – ата-анасының жолын қуған, білгір, білікті дәрігер. Ал, біздің бүгінгі әңгімеміздің арқауы – тұңғыштары Ләззат Балтабайқызы. 1964 жылы Қызылордада дүниеге келген, алты жасына дейін нағашы әжесі Күлсара Байжігітқызының тәрбиесінде болған ол кішкене кезінен-ақ барынша талаптанып, білсем, көрсем, жетсем деп өсіпті. Одан ары Қарағанды мединститутын бітірген әке-шешесіне барғанда да осындай ұдайы ұмтылысымен танылған. Ләззат балабақшаға аяқ басқанда орыс тіліне шорқақ болыпты, кейін оны шебер меңгерген.
Кеңес өкіметі тұсында үлкен қала – Қарағандының орталық Ленин ауданында бірде-бір қазақ мектебі жоқ еді. Сондықтан оны, амал жоқ, орысша оқытқан. Мектепті 1981 жылы үздік бітірген дарынды қыз Қарағанды кооператив институтының тауар тану факультетіне түсіп, оны 1985 жылы аяқтаған. Студент кезінен Ләззаттың ғылымға өте бейім екенін аңғарған институт басшылығы оны оқу орнында ассистент мұғалім етіп қалдырған. Бұдан соң жас маман Мәскеудегі кооператив институтының педагогикалық факультетінде білімін жетілдірген.
Ғылымда сайраған теп-тегіс жол жоқ, оның ой-қыры көп, жұмысы ұзаққа созылады әрі үлкен еңбекті, ізденісті, зерттеуді, мол күш-жігерді керек етеді. Мұны біле тұра Ләззат осы жолды таңдайды. Екі сәбилі болса да ол Қарағанды экономикалық университетінің аспирантурасына түсіп, 2001 жылы «Қазақстанның тұтыну нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың өзара әрекеттесуі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды, көп ұзамай экономика ғылымының кандидаты, доцент атанады. Ал, 2008 жылы «Жаһандану кезінде Қазақстанның жылжымайтын үй құрылысы нарығының дамуы» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап, экономика ғылымының докторы, профессор болады. 2017 жылы Ұлттық инженерлік академияның мүше-корреспондеттігіне сайланып, 2018 жылы академияның Экономика бөлімшесінің ғалым хатшысы атанды.
Жалпы, ол ТМД елдері мен алыс шетелдердегі ғылыми журналдарда, баспаларда шыққан 114 ғылыми жариялымның,мақаланың, 2 монографияның, 7 оқу құралының және 5 тілдегі «Жасыл бизнес» халықаралық глоссарийінің авторы. Жетекшілігімен 4 экономика магистрі өз еңбегін қорғаған. «Қазақстандағы жасыл бизнестің» қалыптасуы мен дамуының механизмі» және «Қазақстандағы Эко-инновацияны мемлекеттік реттеуді жетілдіру» (ғылыми жетекші) атты ғылыми жобаларға қатысқан.
Сондай-ақ, Қарағанды қаласы әкімі Құрмет грамотасының, осы қала ішкі саясат бөлімінің, Халықаралық бизнес университеті Алғыс хатының, ҚР жоғарғы оқу орындары қауымдастығының «Үздік педагог» атағының, Халықаралық бизнес университеті «Тәуелсіздік құрылысшысы» Құрмет грамотасының иегері.
Міне, осындай елге белгілі ғалым, К.Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті «Менеджмент және бизнес» кафедрасының профессоры Құлымбетова Ләззат Балтабайқызының ғылымдағы үлкен еңбегі бағаланып, ол өткен жыл аяғында ҚР Ұлттық инженерлік академиясының толық мүшесі (академик) болып сайланды!
Осы жерде 1991 жылы құрылған аталған академия жөнінде бір-екі ауыз сөз. Бұл еліміздегі ғылыми-инженерлік қызметті үйлестіру және дамыту орталығы Халықаралық инженерлік академиясының, Американың бүкіләлемдік инженерлік, техникалық кеңесінің (САЕТS [еn]), Ислам мемлекеттері инженерлік бірлестіктері федерациясының(ФИОИС) қауымдастырылған мүшесі, БҰҰ жанындағы өнеркәсіптік даму жөніндегі комиссиямен (UNIGO) ғылыми байланыста. Сол сияқты, Ислам Конференциясы Ұйымының (СОМSТЕСН) ғылыми-техникалық жұмысына да қатысады.
Енді Ләззаттың ата-анасы туралы да айта кетейік. Балтабай Құлымбетов – денсаулық сақтау саласының ардагері, көп жыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, Қарағанды мемлекеттік институтында доцент, аға оқытушы болып сабақ берген. 1975 жылы Мәскеудегі КСРО медицина ғылымы Академиясының Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар институтының аспирантурасын бітірген. Әсіресе, медициналық экологияны көп зерттеген. Ал, Рая Жүсіпова – ардагер дәрігер, балалар невропатологы, «Сенім» медорталығында істейді.
Сөзімізді әкесінің сүйікті ғалым қызына арнаған мынадай өлең шумағымен аяқтасақ дейміз:
Алла саған тарту еткен сезімді,
Өзіңменен серік ет деп сенімді.
Ақиқатқа жетелеген тек еңбек,
Осы үшеуі сыйлы етті өзіңді.
Алашқа Ана – Сырдың елі тұғырлы,
Жайсаңдардың үні естілер бұрынғы.
Арпалысқан ғылым деген шыңменен,
Төрге шығар, қайсар ғалым қызыңды!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.