Мұқым қазақты сырлы да нәзік, шынайы мөлдір жырларымен табындырған Мұқағали ақынның проза жанрының төрінде алатын орны бір бөлек. Сөз өнерін жанына жалау еткен, жазу машығын өмірінің өзегіне айналдырған ол өзінің жазған туындыларымен қазақ поэзиясының әлеміне көптеген тамаша туындылар әкелген. Өлең өлкесіне өзінің ерекше үнімен келген ақын қарапайым да асқақ болмысымен, шыншыл да шымыр өлеңдерімен қазақ халқының жадында мәңгі қалып қойды. Бүгіннің өзінде Мұқағали туралы көптеген естеліктер мен кітаптар жазылып, талай сырлар шертілуде. Сондай-ақ, дәстүрлі түрде жыл сайын елімідің барлық аумақтарында ақынның туған күніне орай «Мұқағали оқулары» да өткізіліп отырады.
Әр жылда өтетін ақын атындағы оқулар биыл да Қарасай ауданында өз жалғасын тауып, өткен аптаның жұмасы күні аудандық Мәдениет үйінде шығармашылық байқау өтті. Оның барысында ауданымыздың мектептерінен келген 50-ден астам жас ұстаз ақынның әртүрлі тақырыпқа арналған өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды, сондай-ақ, ана тілге арнап жазған өздерінің шығармаларымен таныстырды.
Айта кетейік, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі мен аудандық білім бөлімі ұйымдастырған байқау талабы бойынша қатысушылар екі кезеңде де оқыған өлеңдерін қазақ тілінде болуы тис еді. Себебі, бұл шараның негізгі мақсаты қазақ поэзиясының дүлділі Мұқағали Мақатаев шығармаларын насихаттау арқылы қазақ тілінің мәртебесін арттыру болатын.
Аталмыш мүшәйраға аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова, Шамалған орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Динара Есеналиева, Ушинский атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дәуренбек Қаналиев пен Жамбыл №2 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәбит Акрамұлы қазылық етті.
Қызықты доданың «Поэзия, менімен егіз бе едін?» атты алғашқы кезеңінде үміткерлер ақынның шығармашылығынан бір туындыны алып, оны мәнерлеп жатқа айтты. Қанша дегенмен көптің алдында, үлкен сахнада тұрғандықтан арасында толқып, сөздерін шатастырып, қате оқығандар да, жаттаған өлеңдерін ұмытып қалғандар да болды. Дегенмен үміткерлердің көбі өлең жолдарын шынайы сезіммен, тебіреніспен оқығандары арқасында қазылардың көңілінен шықты.
«… Ал, екінші бақытым тілім менің» атты соңғы кезеңде жас ақындар белгілі бір ұйқасты пайдалана отырып жазған өз туындыларымен таныстырды. Бұл кезеңде де үміткерлер бірқатар қателіктер жіберді. Бірі ұйқасты дұрыс қолданбаса, бірі өлең жолдарында буын санын берік сақтамаған.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған байқау қорытындысы бойынша барлық сыннан сүрінбей, өзінің алғырлығы мен мәнерлеп оқуының ерекшелігімен көзге түскен Батан ауылы орта мектебінің мұғалімі Біржан Айтқалиев бас жүлдені қанжығасына байлап, облыстық байқауға жолдама алды. Ал, жүлделі І орынға Н.Әлімқұлов атындағы орта мектебінің мұғалімі Нұрболат Серік лайық деп танылса, ІІ орындарды Жаңашамалған орта мектебінен Жолдас Балауса мен А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектебінен Нұрахмет Шәріпхан иеленді. ІІІ орындарды №2 Жамбыл орта мектебінен Қуат Садықов пен Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектебінен Гүлзада Нығматулла алды.
Мүшәйра соңында төрелік еткен қазылар алқасы жеңімпаздарды құттықтап, дипломдармен марапаттап, сыйлықтарды тарту етті. Сондай-ақ, байқауға қатысқан барлық жас ақындарға ризашылықтарын білдіріп, алғыс хаттарды табыстады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.