Ақпан айының екісі күні Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халықаралық стандарттарға, үкіметтік ұйымдардың, бизнес-қоғамдастықтың, мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтардың ұсыныстарына негізделген Қазақстан Республикасында 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасын және оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Осы ретте өткен аптаның жұмасы күні аудандық әкімдіктің мәжіліс залында жиын өтіп, ауданымыздағы мемлекеттік қызметшілерге жаңа тұжырымдама арқылы енгізілетін өзгерістер таныстырылып, талқылауға ұсынылды.
Аудан аппаратының басшысы Илияс Қалиевтың төралығымен өткен бас қосуға қала және ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, аудан әкімі аппараты мен квазимемлекеттік секторлардың жауапты қызметкерлері қатысты.
Жиында аудандық заң және мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Үміт Әмірханова қатысушыларға сыбайлас жемқорлықты төзбеушілікті қалыптастыру, бизнеске корпоративтік әдеп арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету, жауапкершіліктен бұлтартпауды қамтамасыз ету бойынша шараларды жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық қоғамның рөлін күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мониторингі, уәкілетті органның қызметін жетілдіру сияқты міндеттерді шешу жолдары көрсетілген тұжырымдаманың алты блогын кеңінен түсіндірді.
Сонымен қатар, Үміт Әділқызы жаңа жобаға сай мемлекеттік қызметшілердің жылжымайтын мүлік, автокөлік және басқа да қымбат дүниелер сатып алуы қатаң бақылауға алынатындығын, сондай-ақ, шенеуніктердің адалдығын тексеруге арналған «Integrity check», «индегрет чек», «Проверка чесности», «Адалдық тексеру» әдісі енгізілетіндігін айтып өтті.
Бұдан бөлек, жиын барысында жаңа жобаға сай мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары мен судьялар үшін шетелдік банктерде шоттарды иеленуге жаңа шектеулер қойылып, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың жақын және алыс туыстық қатынасы бар адамдармен бірге қызмет істеуіне жол бермеу туралы нормалар күшейтілетіндігі айтылды. Сондай-ақ, мемлекеттік лауазымға кандидат болған азамат мемлекеттік ұйымда жұмыс істейтін туыстары туралы хабардар етуге міндеттетіні түсіндірілді.
Жаңа жоба бойынша қаржылық бақылау шаралары жетілдіріледі. Яғни, бұрын мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде өздерінің барлық активтерін тіркеп, «кіріс» декларацияларын ғана ұсынса, енді 2022 жылдан бастап олардың кірістерімен шығыстары салыс-тырылып отыратын болады.
Мұнан бөлек сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдар үшін мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуға өмір бойына тыйым салынады. Ал, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, судьяларға, пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдарға сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін санкциялар қатаңдатылады. Сонымен қатар, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін сотталғандарға мерзімінен бұрын шартты түрде босату мүмкіндігі алып тасталды. Осы және өзге заңнамалық өзгерістерді кеңінен түсіндірген аудандық заң және мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы жиынға қатысушыларға жаңа енгізулерге тиянақтылықпен қарап, келеңсіз құбылыспен күресте белсенді болуға шақырды.
Жалпы жиында тұжырымдамадағы заңнамалық өзгерістер мен жемқорлықпен күрестегі жаңа тәсілдер жан-жақты талқыланып, жаңа талаптарға сәйкес өздерінің жұмыстарында орын алатын өзгерістерге байланысты әкімдер тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.
Жиын соңында аудан аппаратының басшысы Илияс Еділұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бастамаларын қолдай отырып, қала, округ әкімдері мен бөлім басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.