Қаңтар қасіреті бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді. Елдегі дүмпу әлем назарына ілініп, мемлекетте төтенше жағдай жарияланғаны баршаңызға белгілі. Тосыннан келген жағдай елдегі түрлі саяси өзгерістердің болуына ықпал етті десек те болады. Бұл жайлы сарапшылар түрлі пікір білдіруде. Осы ретте белгілі саясаткер, филолог, тіл жанашыры, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Досмахамбет (Дос) Көшіммен сұхбаттасуды жөн санадық. Ендеше оның саяси плюрализмдік ойын оқырман қауымға ұсынамыз.
– Досмахамбет Қалмаханұлы, Алматыдағы қаңтар оқиғасы елді елең еткізгені анық. Мемлекеттің ертеңіне алаңдайтын азаматтардың бірісіз. Оны білеміз. Өзіңіз осы қаланың тұрғыны болғандықтан бұл көтерілістің басы-қасында болдыңыз ба? Мұндай жағдай алдағы уақытта қайталануы мүмкін бе?
– Басы-қасында болған жоқпын. «Ұлт тағдырының» облыстық бөлімшелері мен өзімнің достарым арқылы барлық дерлік облыстардан ақпарат алып, шамам келгенше, ақыл-кеңесімді беріп отырдым. 90-жылдары біз де осындай жиындарды, шерулерді ұйымдастырып, жүзеге асырғанбыз. Өз басым жиынды ұйымдастырып, халықты алаңға шақырған азаматтар сол көпшілікті жұмса – жұдырығында ұстай білуі керек деп ойлаймын. Сонда ғана шерулер мен жиындарды саяси тәсіл есебінде қолдануға болады. Бұл жөнінде осыдан екі-үш жыл бұрын Армения еліндегі Пашинян ұйымдастырған шерулерді үлгі ретінде алуға болады. Егер халықты ұстай алмайтыныңды білсең, оған күшің жетпесе, «аттан» салып, көшеге шығарып, бірақ арандатушылардың айқайына тосқауыл қоя алмасаң, оларға ерген жастарды тоқтатуға шамаң келмесе, өзіңде жауапкершілік бар екенін де ойлану керек. Бейберекет бүлікшілдік пен мақсатсыз дүрбелең сенің тамаша ұрандарыңды жоққа шығарады.
Меніңше, бұндай жағдай өкінішке орай, әлі бір емес бірнеше рет қайталанауы мүмкін. Билікті өзгертуді мақсат еткен топтардың бейбіт жолмен реформа жасайтындай мүмкіндігі жоқ (Біздің сайлау жүйесінің қандай екенін білетін жандар бұл шындықты мойындайды деп ойлаймын), ал билік өзінің сыннан өткен (Жаңаөзенді еске түсірсек те жеткілікті) тәсілін – бейбіт жиынды бұзақылыққа айналдыруды тиімді түрде қолданатыны анық.
– Қаңтар төңкерісінен кейін Үкімет жаңа құраммен жасақталды. Олардан не күтесіз? Олар өз орындарына лайықты ма? «Жаңа Қазақстанды» құру үшін қандай батыл қадамдар жасауы тиіс?
– Үкімет те, билік те сол күйінде қалды. Тек қана адамдардың аты- жөндері өзгерді. Бұл өзгерісті «жаңа құрам» деуге аузым бармайды. Футбол ойынындағы ойыншыларды ауыстыру сияқты. Барлығы бір команда, мақсаттары да, тәсілдері де, жаттықты-рушылары мен жанкүйерлері, керек десеңіз, формалары да бірдей. Ал, «Жаңа Қазақстан» деген атауға келетін болсақ, бұл атау 2018 жылы Брюссель қаласында дүниеге келген, әлі күнге дейін «Жаңа Қазақстан» форумы апта сайын ютубден хабарын жасап, таратып тұрады. Біреулердің атын, атағын алу – тоталитарлық, авторитарлық жүйенің әдеті. Әлі есімде, Түркменстанның коммунистік партиясы «шапандарын ауыстырып кигенде» Демократиялық партия деген атауды алды. Алайда, Дүрдімұрат деген азамат басқаратын ондай партия бар болатын. Коммунистер көп ойланып жатпай, ол азаматты жындыханаға тықты да (сол жерде қайтыс болды), партияның атын алып қойды. Әрине, әңгіме атауда емес, егер осы билік қазақ елінің саяси жүйесін жаңартып, әділетті қоғам құрамын десе, шапанымызды шешіп беруге дайынбыз. Бірақ, бір мәселені жақсы ұғуымыз керек: Жаңа Қазақстанды ескі кадрлар, бұрынғы Қазақстанды жасаған адамдар орната алмайды. Естеріңізде болса, 1991 жылы Қазақстанның коммунистік партиясы, оның бірінші хатшысы Демократиялық Қазақстан жасаймыз деп жариялаған. Бірақ, біз тоталитаризмнен авторитаризмге ғана өттік, нарықтық экономика жасаймыз деген, алайда, біз коррупцияланған капитализмге ғана өттік. Енді сол топ «біз Жаңа Қазақстан жасаймыз» десе кім сенеді?
Енді «Жаңа Қазақстан құру үшін не істеу керек?» деген сұраққа келейік. Қоғамда да, саясаткерлерде де сан түрлі ұсыныстар бар. Бірақ оларды жүйелей келсек, екі ғана жолды көреміз. Біріншісі – қазіргі билік иелері 180 градусқа өзгеріп, сол өзгерістерінің дәлелі есебінде біршама лауазымды орындағы мамандарды, саяси тұлғаларды ауыстырып, экс-президенттің жақындарын жұмыстан шығарып, газды арзандатып дегендей үйдің сыртқы сылағын ауыстырып, «осыған дейін бұл жағдайды білмей қалыппыз, енді Жаңа Қазақстан деген жұмақ орнатамыз» дейді. Әрине, биліктерін сақтап қалу үшін, «Нұр Отанды» да таратып, жаңа Парламентттік сайлау жасауы да ғажап емес. Содан кейін тағы бір 30 жылға арқаларын кеңге салуға болады. Екіншісі – қазіргі Парламент люстрация заңын қабылдап, бұрынғы атқарушы, заң шығарушы органдарда басшылық орында болған адамдарды қызметке алуға тыйым салады, азаматтық қоғам өкілдерімен біріге отырып, саяси партиялар мен сайлау туралы жаңадан заң қабылдайды, сол заң арқылы әділетті сайлау жүргізіп, сол сайлаудың нәтижесінде жасақталған жаңа Парламент «Жаңа Қазақстанды» құруға кіріседі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министрлердің, депутаттардың және әкімдердің жалақысын көтеруге бес жылдық мораторий жарияланатынын айтты. Сіздің ойыңызша, енді шенді-шекпенділер айлығының артпайтынын біліп, жемқорлыққа қатты беріліп кетпейді ме? Бұл жайында Сіз қалай ойлайсыз?
– Бұл – «халықшыл» президент екенін «дәлелдейтін» популистік тәсілдердің бірі ғана. Менің ойымша, егер әлеуметтік теңгермешілік жасағысы келсе, облыс әкімдері, депутаттар және министрлерге Қазақстандағы орташа жалақының мөлшерін тағайындау керек еді. Екіншіден, олар жемқорлыққа кедейшіліктен, жалақысы жетпегендіктен барады деп ойламайық. Қазақта «өзі тойса да, көзі тоймайды» немесе «ашыққаннан құныққан жаман» деген мақалдар бар. Біздегі жемқорлық – биліктің ауруы. Оның микробы – жауапкершіліктің жоқтығы. Өмір сүруінің басты шарты – бөлісу.
– Дос аға, Сіз – мемлекетімізде ең алғашқы саяси партияны, яғни, ҚСДП-ны ұйымдастырушылардың бірісіз. Президент Қ.Тоқаев соңғы сұхбатында «Партия қоғам қажеттіліктерін ескере отырып, қайта құрылуға тиіс. Мәжілісте бірнеше күшті партиялар болуы керек деп санаймын» дегені бар. Алдағы уақытта партия құру ойыңызда жоқ па? Жалпы, Мемлекет басшысының бұл пікірін қолдайсыз ба?
– Президенттің пікіріне қосыламын. Бұл ұстанымды Президенттен бұрын талай саясаткерлер, оның ішінде мен де бармын, айтқан. Мемлекет басшысы сол ойды қайталап отыр. Бірақ, біз бен Тоқаевтың мүмкіншілігі екі түрлі мәселе. Біз қолымыздан айту, көрсету келеді. Ал, ол сол айтқанын жүзеге асыра алады. Демек, Қасым-Жомарт ағамыз «мәжілісте бірнеше күшті партиялар болуы керек деп санаймын» деген сөзден көрі өзі басшы болып отырған партияға «саяси партия құрамын деген топтарға партия құруға, олардың парламентке енуіне барынша мүмкіндік туғызатын заң жобасын дайындап, ұсыныңдар» деп тапсырма беруі керек еді.
– Жақында ғана Сіз тұратын шаһарға жаңа басшы келді. Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі болуға лайықты ма? Өйткені оған сын айтушылар көбеюде.
– Соңғы жылдары ең көп қолданылатын мақал «Қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен қосынды өзгермейді» деген аксиома болды. Заңдық тұрғыдан бұл – Президенттің таңдауы. Талай жерде басшы болған жігіт. Денсаулық сақтау министрі болғанда Шымкентте балалардың қазасы мәселесі үлкен шу болды. Ал, 2016 жылы Экономиканы дамыту министрі болып отырғанда 1,7 миллион гектар жерді сатуға шығарып, «жер дауының» авторы болды. Меніңше, осындай адамдармен «Жаңа Қазақстан» құрмақшы болып жүрген Президент те жүрек жұтқан жан сияқты.
Сұхбаттасқан Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
* Сұрақтарға жауап берушінің пікірлері редакцияның көзқарасын білдірмейді.