Елімізде орын алған жағдайдан кейін қоғамды мазалап, талқыланып жатқан мәселе көп. Соның бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та аталмыш мәселені шешу мақсатында бірқатар тапсырмалар берген болатын. Осыған сәйкес, ауданымызда бүгінде біршама шаралар атқарылуда. Ауданда мониторингтік топтар құрылып, қала мен округтің әкімдіктерінің қызметкерлері жергілікті сауда орындарын, ал, аудандық кәсіпкерлік бөлімі ірі сауда орталықтары мен жанармай бекеттерінің бағасына талдау жүргізіп, оны тұрақтандыруға байланысты тиісті жұмыстарды іске асыруда.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, бүгінде ауданымызда халық жиі тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түліктен ешқандай тапшылық жоқ. Күнделікті тұтынатын, нан, ет, сүт, ұн, көкөніс, қант-шай аудан аумағында жеткілікті мөлшерде. Азық -түліктердің шектік бағалары да тұрақты.
– Бүгінде ауданымызда азық-түлік тапшылығы жоқ. Рас, төтенше жағдай кезінде біраз азық-түлік түрлері азайды, бірақ, сол сәттегі дүрбелеңге байланысты уақытша ғана мәселе болатын. Сондай-ақ, қазір ауданымыздағы әлеуметтік маңызы бар азық түліктердің бағасы тұрақты деп айтуға болады. Тек сүт өнімдерінің бағасы біразға өскен. Бұл мәселеге байланысты біз сүт өндіретін кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, – деді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің маманы Әсет Оспанбеков.
Азық-түліктердің бағасына келсек, аталмыш бөлімнің соңғы дерегіне сүйенсек, ауданымыздағы «Браво», «Magnum», «Toimart» сияқты ірі сауда орындарында нан бағасы 74-80 теңгеден, ал, ұнның келісі – 174 теңге, қанттың келісі – 309 теңге, сұйық май (0,9л) – 629-695 теңге, сүт – 259-320, жұмыртқа – 44 теңгеден басталады.
Айта кетейік, бүгінде ауданымызда төрт ірі сауда орталығы, 69 дүкен, 79 дәріхана жұмыс істеп тұр. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің маманының айтуынша, ірі сауда орталықтары тауарды белгіленген бағамен сатса, шағын дүкендердің барлығы дерлік сол бағаны ұстанып отырған жоқ. Алайда, жергілікті билік өкілдерінің бағаны тұрақты ұстап тұруын бақылау мақсатында күнделікті тексеріс жұмыстарын жүргізу арқылы ондай жағдайлар алдағы уақытта тоқтатылатын болады.
Мұнан бөлек, төтенше жағдай кезінде бағаны негізсіз көтеру дерегін алдын алу және жол бермеу мақсатында туралы жедел желі іске қосылған болатын. Осы ретте тұрғындар тарапынан шағымдар келіп түссе және де бағаны негізсіз көтерген, сөз байласқан, тапшылық тудырған кәсіпкерлер анықталса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.