Ана тілінің абыройы үшін Абайдай «мыңмен жалғыз алысқандай» күй кешкен, Әлихан, Ахмет, Міржақыптай Алаштың арманы үшін күрескен, Сұлтанмахмұттай ел-жұртына күндей жарқырап сәуле шашқысы келіп, надандықпен тірескен, Ілиястай жыр Құлагерінің тұяғымен дархан дала төсін дүбірлеткен, парасатты поэзиясына елдікті, ерлікті, еркіндікті арқау еткен, өрт сезімді өлеңдерімен адалдық пен махаббатты асқақ еткен ұлы ұлтының ұлық ұлы – күрескер Ақын Мұхтар Шаханов қайда қазір? Көп көрінбей кетті ғой! Тап осындай сұраққа бәріміз де жауап іздеп жүретінбіз. Әрине, мұның басты себебі мына әлемді жайлаған атың өшкір жаман дерт екені даусыз. Сондай-ақ, Мұқаңның өзінің де бір қатты ауырып тұрғаны белгілі…
Жақында Жамбыл ауылындағы №2 орта мектепте, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып, Мұхтар Шахановпен кездесу өткізілді.
Ардақты ақынын көпшілік сағынып-ақ қалған екен, білім ұясының акт залындағы оқушылармен қатар, ауыл тұрғындарының да қарасы мол көрінді.
Маңдайы жарқырап Мұқаң кіріп келгенде бәрі орнынан тұрып, қуана қол соғып керемет құрмет көрсетті.
Кездесуде алғашқы кезекте мұғалімдер мен оқушылар ел тарихының елеулі кезеңдерін бейнелейтін сахналық көрініс қойып, өткен күндердің оқиғаларын көз алдымызға әкелді. Айтқандай, оның алдында қадірлі қонақ мектеп музейін көріп, аралап шыққан еді.
Сонымен жиналғандар ұзақ уақыттар бойы азаттық жолында арыстандай айқасқан баһадүр батырларымыз бен ел-жұртын бостандыққа батыл бастаған хандарымыз жайлы, сондай-ақ, бастарын бәйгеге тігіп, халқының еркіндігін ерекше мақсат еткен Алаш арыстары және аштық, саяси қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі, 1991 жылғы жаңа дәуірдегі тәуелсіздік таңының арайлап атқаны туралы бұрынғыдан да жақсы біліп, жадында қайта жаңғыртты.
Ойы жүйрік оқушылар мен олардың ұлағаты мол ұстаздары Мұхтар аталарының отты өлеңдерін оқып, тамаша әндерін тамылжыта шырқады. Сөйтіп, көпшіліктің жан-жүрегін теңіздей толқытып, әдемі әсерге бөледі. Әсіресе, қобыз тартып, күй толқынында тербеткен өнер академиясының студенті Әсел Айдарбектің өнері ерекше тәнті етті.
Мұнан кейін ортаға үлкен құрметпен Мұхтар Шаханов шақырылып, арқалы ақын тәуелсіздік, ел азаттығы, мемлекет мерейі, қоғам тыныштығы, халық еркіндігі, демократия, бостандық, сөздің күші, поэзияның құдіреті жайындағы әңгімесін айтып, қойылған бірқатар сұрақтарға жауап қайтарды. Осы орайда Мұқаңмен сұхбатты мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәбит Акрамовтың сәтті жүргізе білгенін атап өткеніміз дұрыс.
Кездесуде, сонымен қатар, ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы Рахметолла Қамзин, Талғат Тайманов, сондай-ақ, Майра Бердиева, Асылбек Баймұратов, Мақсұлтан Кеңесбаев пен оның зайыбы Айтолқын Бектемірқызы және тағы басқа тұрғындар сөз алып, ақынға ақ ниетін білдірді, шындық үшін шырылдап жүрген күрескерлігі үшін шын жүректен шыққан шынайы тілегін жеткізді. Мұқаңды ардақтаған үлкендер мен оқушылар кітабына қолтаңбасын қойдырып та риза болды.
Сөзінің соңында ол: «Тәуелсіздік Туын жоғары ұстандар, әрдайым ұлттық мүдде биігінен көрініңдер, ұлтымызды рухани көтеретін іс жасаңдар, ақиқат жолынан айнымаңдар, шындық үшін күресіңдер, ана тілін аялаңдар, халықтық салт-дәстүрді бағалаңдар, жұлдыздарың биік болсын!» дей келе жиналғандарға аталық ақ батасын ақтарыла берді.
Дана қазақтың дара баласы Мұқаң келесі жылы 80 жасқа толады екен. Бар болыңыз, аман жүріңіз, жасай берініз, Мұхтар аға, Сіз халыққа, қазаққа керексіз!
* * *
Сөз соңында атап айтарымыз Жамбыл атындағы №2 орта мектептің ұжымы, директоры Жанат Капарқызы Сылдырмақованың басшылығымен, бұл кездесуге өте тыңғылықты дайындалыпты. Халыққа жаққан қадірлі мейманды оқушылар сап түзеп қарсы алып, ол кісіге деп сый-құрметтің ерекше екенін тағы да дәлелдеген.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.
Суреттерді түсірген Естай Қажи.