Көңілді көркейтіп көншітетін, көкейде жүрген тілекті тап басқан бұл жаңа Жолдау кеудеде үміт алауын лап еткізіп жаққандай болды. Енді осы айтылған жайттар тезірек жүзеге асса екен деп ынтығасың. Бұған жауапты адамдар кімдер екен деп жүгірткен ойың өзіңе келіп тіреледі екен. Болашағыңды өз қолыңмен жасамасаң, нәтиже көре алмайсың. «Менде тұрған не бар?» деген кертартпа түсінік талайымыздың қолымызды байлап, аяғымызды алға бастырмағанын мойындауымыз керек және мемлекетіміздің болашағы мен тағдыры өзімізге байланысты екенін сезінетін кез болды. Еркін ел болдық. Ең бірінші, руханиятымызды қалыптастырып, ұлттық сананы оятуды қолға алудамыз. Әлі де ертеңіне сенбейтін, кешегісін көксейтіндер толып жатыр. Құлдық мінез-құлықтың терең сіңіп кеткені сонша, әлі де орысша ойланып, тілімізді кәлимаға келтіре алмай әуреміз. Мемлекеттік тілді менсіне алмаймыз. «Қазақпын!» деуге арланатындарымыз көп. Ұлтымызды сүю түгілі сыйлай алмай жатырмыз. Қара қазақтың емес, қара басымыздың жағдайымен әлекпіз. «Мәдениет пен өркениет Европада» деген түсініктен арыла алатын емеспіз. Тамақ ішкенде шанышқыны сол қолдан оң қолға ауыстыру оңай болмай жатыр.
Абай атам: «Қазағым, енді ел болмайсың!» деп түңіліп еді. Бірақ, ол кезде біз бодан елдердің қатарында едік. Енді, алдымыздан болашақтың есігі ашылды. Енді «өзім, өзім!» деген бейшаралықты қойып, «елім!» дейтін кез келді. Көзімізді кеңірек ашып, адамдардың бойындағы жақсылықтарды көріп, бағалауға бейімделу керек…
Елбасы Н.Назарбаев айтқан жеті тұғырдың кейбіріне тоқталып өтсем деймін. Әуелі Тәуелсіздігіміздің бағасын білу үшін, тарихымызға бұрылып бір қарайық:
«…Қара су арман болып күліп ішкен,
Дымымды шығармады дүмі күшті ел.
Қан қайнап, дәрмен болмай күресуге,
Өтті ғой талай бабам тынып іштен.
Көз алды тұмшаланып тұманменен,
Күн кешкен күдікпенен, күмәнменен,
Талай ер кетті арманда, «қазағыма
Тірі болсам қызмет қылам!» деген»…
Сондықтан,
«Бағалайық, бауырлар барды аялай,
Еркіндікті қорғайық жанды аямай.
Тәуелсіздік алуың қандай қиын,
Тәуелді боп қалуың қандай оңай!»
Екінші тұғыр: бірлік пен келісімді ойласам,
«Татулық деген таусылмас бақ қой тірлікте.
Сұрланып өңің, санаңда суық сыр бүкпе.
Ұлтыңды сүйсең, ұртыңды бекер бұртитпай,
Бұртыңды қой да, жұртыңды шақыр бірлікке!»
дегім келеді.
Прагматизмді мен былай түсінемін:
«Бәрімен бәсекелес қарсыласып,
Намыстың тұлпарына қамшы басып!
«Зор халық – біздерміз!» деп шіренгендер,
Таңғалып ауыздарын қалсын ашып.
Еш қытай артық емес еш қазақтан,
Бейнетсіз бірі бар ма босқа жатқан?
Біздерден ақылы асып туатындай,
Жапон да жаралған жоқ басқа заттан.
Қазағым, қайда сенің өр мінезің?
Өреңді дәлелдейтін келді кезің!
Өзгенің мүлкін жетер тұтынғаның,
Өзіңнің қажетіңді өндір өзің!»
Сондықтан,
«Тумасын басымызға сұрапыл кез,
Бір-бірін ұлан қайда ұғатын тез?
Көрінсін үш жүзімде іс жүзінде
«ЕЛ» деген екі әріптен тұратын сөз».
Серік ҚАЛИЕВ,
Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі.