Ермахан Ибраимов, Бахтияр Артаев, Серік Сәпиев, Геннадий Головкин сияқты бокстың белесін бағындырған, талай жасқа үлгі болған азаматтардың ізбасарлары, болашақ чемпиондар біздің Қарасай ауданының да атын шығарып жүр. Солардың біразы бүгінгі таңда Райымбек ауылындағы «Бауыржан» спорт клубында жаттығып, талай жарыстарда топ жаруда. Жас боксшылар түрлі додаларда бақ сынап, ауданның ғана емес, республика бойынша Алматы облысының намысын қорғауда.
Спорт клубының басшысы, әрі жасөспірімдердің тәлімгері, ҚР Спорт шебері Бауыржан Жанатұлы жақында шәкірттерімен Елордада өткен ашық республикалық турнирге арнайы барып, үздіктердің қатарынан табылды.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл жарысқа еліміздің 14 өңірінен 2004-2015 жылғы 266 бала қатысып, жас санатына байланысты шаршы алаңда күш сынасты. Біз айтқан жаттықтырушы Бауыржанның 35 боксшысы да басқа аймақтың мықтыларымен тең дәрежеде сынға түсіп, командалық есеп бойынша І орыннан көрінді. Оның ішінде 9 бала чемпион атанса, 11-і күміс жүлдеге лайықты өнер көрсетті. Ал, 15 боксшы үздік үштікке ілінді.
Бапкер Бауыржан Жанатұлының айтуынша, балалардың барлығы бұл жарыста өздерінің шеберліктерін жақсы көрсеткен. Оның ішінде Нұрәли Оңласын, Алмат Қиялбек, Алинұр Мұратбек, Әділ Ибраимов, Елнұр Елубай, Аспандияр Ратай, Данияр Жолдыбай, Дәулет Көмекберген, Раян Ермек, Жасұлан Қалибек, Омар Мұхтар, Жалғас Нұртуған, Айбек Майлыбай, Жантемір Айтбай, Нұрәділ Шаймұрат сынды жас боксшылар жақсы қырынан көрініп, ерекше көзге түскен.
Болашақ чемпиондарды жеңісімен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда жеңіс тұғырынан көріне берсін.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.