Жамбыл ауылдық округінде әлеуметтік нысандар қатары толыға түсуде. Аудандық әкімдіктің бастамасымен қолға алынған жұмыстар аясында құрылысы ағымдағы жылдың қаңтар айында басталған «Street WorkOut» алаңы осы аптаның сейсенбісі күні пайдалануға берілді. Ел игілігіне арналып, округ тұрғындарын қуанышқа бөлеген нысанның ашылу салтанатына аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әсет Нұрекенов, Қазақ күресі спорты бойынша маман, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әнуарбек Сұлтанов, округтік ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Толынбеков қатысты.
Шарада алғашқы сөз кезегі тұрғындардың қуанышын бөлісуге келген округ әкімі Тұрарбек Ташовке беріліп, ол жамбылдықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен алда келе жатқан Тұңғыш Президент күнімен құттықтады, жаңа спорттық нысанның ашылуы халықтың, әсіресе, жастар мен жасөспірімдер арасында саламатты өмір салтын насихаттау мен қалыптастыруда өзінің игі рөлін атқармақ екендігін атап өтті. Сондай-ақ, округ әкімі бірқатар республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздарын дайындап жүрген дене шынықтыру мұғалімдері мен ТМД елдерінің жастар арасындағы қола жүлдегері, ҚР чемпионы Диана Тивцоваға Алғыс хат табыс етті.
Мұнан кейін ашық аспан астындағы спорт алаңының ашылуына құрметті қонақ ретінде шақырылған Әнуар Сұлтанов Амангелді Қосақбайұлымен бірге жаңа алаңнын лентасын қиып, жиналғандарға өзінің ақ батасын берді. Салтанатты рәсімнен кейін қуанышқа ортақтасып келген ауыл тұрғындары балаларымен ойын алаңында әртүрлі жаттығу жасап, мәре-сәре болды.
Айта кетейік, халықтың саламатты өмір салтын қалыптастыру және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды мақсат еткен заманауи алаң екі бөлікке бөлінген. Оның бірінде балалардың және жеткіншектердің дене шынықтырумен айналасуына арналған әртүрлі темірден жасалған спорттық құрылғылар (әткеншектер, өрмелеуіш, турниктер) орналасса, екінші жағында көпшілікке арналған кішігірім демалыс орны бар.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.