Талдықорғанда халықтық атағы бар және жаңадан құрылған театрлардың облыстық фестивалі өтті. Байқауда «Қарасай жастары» театры бас жүлде иеленіп, театр актері Айдар Асарбай «Үздік жыл актері» номинациясын жеңіп алды.
Жалпы, бұл облыстық өнер додасында барлығы 25 театр қатысқан. Олардың ішінде алты халық театры, үш қуыршақ театры және 10 аудан өнерпаздарынан құралған театрлар өз өнерлерін ортаға салды. Фестивальға қатысушы өнер ұжымындағы актерлердің шеберліктері, олардың киімдері, қойылымның мән-маңыздылығы – барлығы сарапқа салынып, қазылардың сүзгісінен өтті. «Қарасай жастары» театры байқауда Бақыт Беделханұлының «Рух жыры» поэмасының желісі бойынша, «Жүректің көзі ашылса…» атты поэтикалық драмасын сахналаған. Қойылымда поэма бастан-аяқ пайдаланылмағанымен зерек көрерменге керек жерін кесіп алып, сыбаға ретінде ұсына білген. Өнер ұжымының құрылғанына көп болмағанын ескерсек, аз уақыт ішінде үлкен жұмыс атқарылғанына көз жеткізуге болады. Жалпы, театр 2018 жылы ақпан айында Қарасай аудандық мәдениет үйінің жанынан «Қарасай жастары» театры болып құрылып, өз жұмыстарын бастаған болатын. Бүгінде міне зор жетістіктерге жетіп отыр. Аудан тұрғындарын өз қойылымдарымен қуантып қоймай, облыс көлемінде үздіктердің қатарынан көрінді.
Өнер әлеміне енді тәй-тәй басқан әртістерге біз де шығармашылық шабыт, абыройлы орта қалыптастыруына тілектеспіз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.