Елдегі коронавирус ахуалы күн сайын өзгеріп, індеттің таралуы әлі тиыла қойған жоқ. Инфекцияны ауыздықтайтын жалғыз амал вакцина салғызу екені белгілі.
Халық арасында екпе алу үрдісі соңғы кезде қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Оның ішінде 12 жастан асқан балалар мен жүкті немесе енді босанған әйелдердің денсаулығы да басты назарға алынып, оларға вакцина алуға рұқсат етілді. Осы мақсатта елімізге АҚШ-тың өнімі болып табылатын «Комирнати» (Pfizer) екпесінің 4 млн 230 мың дозасы әкелінген болатын. Қазіргі уақытта бұл вакциналар еліміздің әр өңіріне тиісті мөлшерде таратылды. Алматы облысы бойынша 15 қарашадан бастап аудандар мен қалалардағы медициналық мекемелерге жедел түрде жеткізілді.
Қарасай аудандық көпсалалы ауруханасының берген мәліметіне сүйенсек, облыстық дәрілік қоймадан біздің ауданға 19-24 қараша күндері «Комирнати» (Pfizer) екпесінің 234 дозасы келген. Бүгінгі таңда дәл осы мөлшермен вакцинациялауға жататын контингенттерге ерікті түрде егу жұмыстары басталды. Яғни, аудан бойынша жүкті және бала емізетін, 12-18 жас аралығындағы балаларға «Комирнати» (Pfizer) екпесі егілуде.
Бүгінгі күнге дейін жоғарыда аталған санаттағы қарасайлықтар жеткізілген дозаның 120-ын қабылдады. Оның ішінде: 12-13 жастағы балалар – 20; 14-15 жастағы балалар – 37; 16-17 жастағы балалар – 44; лактация кезеңіндегі әйелдер саны (бала туған сәттен бастап 42 күннен кейінгілер) – 17; жүкті әйелдер – 2.
«Комирнати» (Pfizer) екпесін қабылдау әлі де жүргізілуде. Жеткізілген дозалар тек Қарасай аудандық көпсалалы аурухасының өзінде және оған қарасты жергілікті дәрігерлік-амбулаторияларда сақталған. Дәл осы медициналық мекемелерге вакцина алуға ниеттілер өз өтініштерін білдіре алады. Бір құтыда 6 доза болатынын да айта кеткен жөн. Яғни, екпе алу үшін 6 адамның болуы маңызды. Тағы ескере кететін жайт, балалардың екпе қабылдауы тек қана ата-аналарының жазбаша рұқсатымен және олардың тікелей бақылауымен ғана жүргізіледі.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.