15 қараша Ұлттық валюта – теңгенің айналымға енген күні және Қазақстан қаржыгерлерінің кәсіби мерекесі ретінде аталып өтеді. Осыған орай Қарасай аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Жеңіс Құсайын-байұлы алдымен ауданның экономикалық деңгейі жайлы айтып берсеңіз.
– Баршаңызға белгілі, 2020 жыл бәріміз үшін үлкен сынақтардың жылы болды. Коронавирустық пандемия басымдығын танытып, тіршілігімізді түбегейлі өзгертуге мәжбүрледі. Басты құндылық адамның өмірі мен денсаулығы екендігін дәлелдеді. Әлемнің басқа елдері секілді Қазақстан да ұзақ мерзімді карантинге және шектеу шараларына байланысты қиындықтарға тап болды. Осы сын-қатерлерге қарамастан ауданымыздың әлеуметтік-экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, жұмыс орындарын сақтап қалуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бар күшімізді салдық. Осының нәтижесінде, ауданымызда биылғы жылы атқарылған жұмыстардың және уақытылы қабылданған шаралардың арқасында экономиканың негізгі салаларында оң динамика сақталды. Ауданда өнеркәсіп өндірісі ерекше дамыған. Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өндіріс көлемі 289,5 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылмен (2020 ж. — 244,9 млрд тг) салыстырғанда 44,6 млрд. теңгеге артса, нақты көлем индексі 110,3%-ды құрады.Бүгінгі күнде ауданымызда 18 ірі өндірістік кәсіпорын жұмыс істеуде.Сонымен қатар,биыл екі ірі кәсіпорын және бір жылыжай кешені іске қосылды Олар – «Алматы тұрмыстық техника зауыты» ЖШС, «Якар» ЖШС кондитерлік өнім өндіретін зауыты және «Евразиян гринпродукт» жылыжай кешені. Халықты жұмыспен қамту бойынша да жүйелі істер атқарылуда. Өтініш білдірген 4247 адамның 2324-і жұмысқа орналастырылды. Жаңа 3472 жұмыс орыны ашылды. Орташа еңбекақы – 235 032 теңге мөлшерінде белгіленіп отыр.
– Биыл нақтылы қандай жобалар іске асырылып, сәтті аяқталды?
– Басым бөлігі білім, ден-саулық, спорт, коммуналдық шаруашылық сынды әлеуметтік салаларға бағытталған. Мәселен, білім саласы бойынша мектептерде үш ауысымдықты жою мақсатында Батан ауылында 450 орындық жаңа мектеп салынып, қолданысқа берілді.Оған қоса, «Асыл арман» тұрғын үй кешеніне 2000 орындық, Қаскелен қаласында 1500 орындық, Үштерек ауылында 600 орындық жаңа мектептердің құрылысы және Алмалыбақ ауылы, Жібек жолы бекетінде және Іргелі ауылындағы Л.Толстой атындағы орта мектептерде 600 орындық жапсаржайындың құрылысы жүргізілуде. Ал, енді денсаулық сақтау саласына келер болсақ, 2021 жылы Іргелі және Долан ауылдарында жаңадан дәрігерлік амбулаториялар салынып, қолданысқа берілді. Қаскелен қаласында 250 төсек орындық стационар мен 1000 келушіге арналған емхана құрылысының жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Төрт медициналық мекемелердің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде, сондай-ақ, жылдың соңына дейін 1 модульдік медициналық пункт салу көзделіп отыр. Бұқаралық спорт пен дене шынықтыру бойынша ағымдағы жылы Әйтей ауылында құны 228 млн. теңге болатын әуе күмбезді көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы аяқталды. Ауданның коммуналдық шаруашылық саласы да кенжелеп тұрған жоқ. Ағымдағы жылы Қаскелеңде 10 көп қабатты тұрғын үйге 3 бөлшек-модульдік қазандық салынып, құрылыс жұмыстары аяқталу барысында. Біздегі жол мәселесі – күн тәртібіндегі жайттың бірі. Әлеуеті дамыған елдердің «байығың келсе, жол сал» деген ұстанымы да бекер болмас. Сондықтан бұл бағыт та назардан тыс қалған емес. Автомобиль жолдары бойынша ағымдағы жылы 1 млрд. 317 млн теңгеге 5 ірі жоба іске асырылуда. Олар: «Қарлығаш», «Өмірұзақ» шағын аудандарына, Қаскелен қаласының электр торабын, Шамалған ауылында орналасқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенін және Жармұхамбет ауылының жаңа мектебіне кіреберіс жолдарын ретке келтіру бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу. Сонымен қатар, аудан бойынша 18 елді мекеннің 29 көшесінің 30,7 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Олардың ішінде қандай жобалар ағымдағы жылы аяқталмай, алдағы жылға қалдырылды?
– Қолға алынған барлық жоба жіті қадағаулауда болатынын айта кеткен жөн. Олардың орындалуы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Мәселен, «Өмірұзақ» тұрғын үй кешенінде 900 орындық және Жармұхамбет ауылында 600 орындық екі мектеп құрылысының жобалау-сметалық құжаттамалары енді дайын болып, ал, Елтай, Долан және Бұлақты ауылдарында 600 орындық 3 мектептің жобалау-сметалық құжаттамалары әлі де әзірленуде. Осыған байланысты құрылыс жұмыстары алдағы жылы басталады деп күтілуде. Жоғарыда аталған автомобиль жолдары бойынша бес ірі жоба ауыспалы кезеңмен 2022 жылы аяқталады деп күтілуде.
– Келесі жылы қандай жоспарларды орындау алға қойылып отыр?
– Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында және «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында қойылған міндеттерді іске асыру бойынша барлық шараларды қабылдап жатырмыз.2021 жылға белгіленген барлық индикаторлар көрсеткіштері, жыл аяғына дейін толық орындалады деп жоспарлап отырмыз. 2022 жылға міндеттелген жоспарларды да мерзімінде орындау үшін барлық мүмкіндіктер бар. Жалпы, «Жол картасы» сайлауалды бағдарламасының 7 бағытын іске асыру бойынша 2021-2025 жылдар ішінде аса маңызды болып табылатын 265 іс-шара тармақшалары және 154 көрсеткіш қарастырылған. Олар жылдар бойынша белгіленген және қаржылай бекітілген.
– Экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің облыс бойынша үлес салмағы қандай, жалпы, жетістіктеріңіз жайлы мәлімет берсеңіз.
– Ауданның қан тамыры бюджет екенін ескеріп, алдымен осы тақырыпқа тоқталсақ. Аудан бюджеті жыл санап өсіп келеді. Мемлекет қазынасына түсетін жылдық болжам – 97,9 млрд.теңге, бүгінгі күнде 85,4 млрд. теңге кіріс түсті, соның ішінде аудандық меншікті кіріс 16,1 млрд. теңгені құрады. Шығындар 97,6%-ға орындалды.Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өндіріс көлемі 289,5 млрд. теңгені құрап, облыс көлеміндегі ауданымыздың үлес салмағы – 26,8%, құрылыс жұмыстарында – 41,1 млрд. теңге, облыс көлеміндегі ауданымыздың үлес салмағы – 18,0%, бөлшек тауар айналымы – 114,6 млрд. теңгені құрап, облыс көлеміндегі ауданымыздың үлес салмағы – 28,7% құрады, 91,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, облыс көлеміндегі ауданымыздың үлес салмағы – 19,7%. 160,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, облыс көлеміндегі ауданымыздың үлес салмағы – 21,2% құрады.
– Еңбек жолыңызды қалай бастадыңыз, өзіңіз жайлы айтып берсеңіз.
– Мен өз еңбек жолымды 1990 жылы, яғни, 15 жасымда Әуезов ауданының әмбебап сауда көкөністер базасының жұмысшысы болып бастадым. 1993-1995 жылдар аралығында Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң экспедитор, жүргізуші, тағы басқа да салаларда істедім. Мемлекеттік қызметтегі жолымды ең алғаш 2009 жылы Ұмтыл ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы лауазымынан бастадым. Одан кейін 2011-2014 жылдар аралығында Қарасай ауданының экономика, бюджеттік жоспарлау және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы, 2014-2018 жылдары Қарасай ауданының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі болып қызмет атқардым. 2018 жылдан бастап осы уақытқа дейін Қарасай ауданының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы қызметіндемін.
– Аталған салада қандай қызметкерлердің еңбегін ерекше бағалар едіңіз?
– Мен басқарып отырған ауданның экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде қазіргі таңда өзіммен бірге алты қызметкер жұмыс істейді. Әрқайсысы өз ісін жетік меңгерген білікті де, білімді мамандар. ҚР Ұлттық валютасы күні және еліміздің қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Қарасай ауданының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушілері Гаухар Бұхарбаева мен Меруерт Бидилданованың еңбектерін ерекше бағалап өтер едім.
– Осы ретте әріптестеріңізге кәсіби мерекелеріне орай білдірер тілегіңіз.
– 15 қараша экономика және қаржы секторының қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесі – Қаржыгерлер күнін тойлайды. Әр саланың жұмыс айырмашылығы, қайталанбас тарихы, құндылығы және өз батырлары бар. Әріптестерімнің жұмыстары келешекте Қа-зақстан экономикасының қаржы әлеуетін дамытуға, күшейтуге және де кәсіпкерлік секторының қаржы жағынан ырысты-берекелі болуына мүмкіндік туғызуға ба-ғытталуына тілектеспін.Денсаулықтары мықты, еңбек-тері жемісті болып, қаржылық қызметте тұрақтылық пен жаңа белестерге жетсе деген жүрекжарды тілегімді білдіремін!
– Барлық сұрақтар бойынша берген мәліметтеріңізге үлкен рахмет. Алда келе жатқан мерекеңіз құтты болсын!
Сұхбттасқан Бұрым ОРЫНБАСАР.