Қазақтың қобызын жанына серік етіп, ұлттық аспапты ұрпаққа үйрету жолында аянбай тер төккен қобызшылардың қатарында Роза Құспанованың есімі ерекше аталып жүреді. Әйгілі композитор Ахмет Жұбановтың шәкірті атанған Роза апамыз осы аптада Қаскелең қалалық Мәдениет колледжінде құрметті қонақ ретінде шақырылып, білім ошағының тәлімгерлерімен және жас өнерпаздармен кездесті. Сонымен қатар, бұл кешке ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың кеңесшісі, қобызшы Роза Құспанқызының шығармашылығын жақсы білетін, қазақ өнерінің дамуына үлес қосып жүрген Мәди Атығалиев те арнайы шақырылды. Өнер мен мәдениет тақырыптары арқау бұл бас қосуды аталмыш коллледж директорының орынбасары Болат Әшірбайдың бастамасымен білім ұясының кітапханасы ұйымдастырғанын айта кету керек.
Кездесу кешінің шымылдығы Бажен Молжігітовтің дирижерлігімен «Үшқоңыр» халықтық ұлт аспаптар оркестрі ойнаған Құрманғазының «Адай» күйімен ашылды. Сонымен қатар, Ахмет Жұбановтың 115 жылдығына орай композитордың «№1 тәжік биі» шығармасы да орындалды. Музыкалық тамаша тартудан кейін кештің сыйлы қонағы Роза Құспанова сахна төріне шақырылды. Еңбек ардагері атанған Роза апамыз Ұлы Отан соғысы жылдарымен қатар өткен балалық шағынан, еңбек жолынан сыр шертті. Латиф Хамиди, Ахмет Жұбанов, Роза Бағланова сияқты қазақтың маңдайына біткен өнер майталмандарымен қызмет еткенін баяндап, халық әні «Ахау керімді» әдемі шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Қобызшы апамыздың әсерлі әңгімесінен кейін кештің құрметті мейманы Мәди Әдиұлы өнер жолындағы қызықты оқиғаларымен бөлісіп, Роза Құспанқызының шығармашылығына қатысты ұрпаққа үлгі боларлық ағалық ақылын жеткізді. Жүсіпбек Елебеков, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов сияқты белгілі тұлғалармен еңбек еткенін әңгімелеп, колледж ұжымының, оның ішінде «Үшқоңыр» халықтық ұлт аспаптар оркестрінің өнеріне ерекше ризашылығын білдірді.
Концерттік бағдарламаға ұласқан бұл бас қосуда Мәдениет колледжінің ұстаздары мен студенттері түрлі аспапта Ахмет Жұбановтың және Евгений Брусиловскийдің бірнеше шығармаларын орындады. Қадірлі қонақтар өнерлі жандардың кәсіби шеберліктеріне таңғалып, жоғары бағасын берді.
Тағылымға толы әңгімелер мен әуезді әндерден кейін өнер ордасының басшысы Саят Ақбасов сөз алып, бұл кездесудің кешке жиналғандар үшін өте мәні зор екенін түсіндірді. Келген қонақтарға деген ыстық ықыласын жеткізіп, кештің көркін ашқан Роза Құспанқызына қазақтың ұлттық қамзолын кигізіп, ақ орамалды сыйға тартты. Ерекше сый-құрметке бөленген қобызшы әжеміз мұндай ілтипатқа деген ризашылығын білдіріп, «Өмірім мен өнерім» атты кітабының біразын ұжым мен бірқатар өнерпаз студенттерге сыйға тартты.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.