Ежелден келе жатқан қасиетті де қастерлі бір кәсіп болса, ол – қолөнер. Осы бір өнердің шебері атанып, бүгінде оны насихаттап, дамуына үлкен үлес қосып жүргендердің бірі – «Балатай» қоғамдық бірлестігінің басшысы Күлән Жаңғұтты. Он саусағынан өнер тамған шебер өзінің керемет жұмыстары арқылы көпшілікке жақсы таныс. Оның қолынан шыққан бұйымдар республикалық және халықаралық көрмелерде көрсетіліп, көптеген марапаттарға ие болған. Жуырда өткен «Шебер – 2020-2021» республикалық қолөнершілер байқауы фестивалінде қарасайлық шебердің еңбегі тағы да бағаланып, оған Қазақстан қолөнершілер одағының бірегей марапаты – «Хас шебер» атағы берілді.
Айта кетейік, «Шеврон» компаниясының қолдауымен, Қазақстан Қолөнершілер одағының президенті, бүкіләлемдік қолөнершілер кеңесінің Азия-Тынық мұхит өңірі бойынша вице-президенті Айжан Бекқұлова ұйымдастырған республикалық байқау биыл Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде өткен болатын. 11-ші рет өтіп отырған фестиваль шеберлерді өз ісін дамытуға ынталандыра отырып, қолданбалы өнер бұйымдарында дәстүрлі және ежелгі техникамен бірге заманауи бірегей тұрғыда шешім көрсету және өзінің жеке авторлық стилі мен дүниетанымын қосуға мүмкіндік беруге бағытталған.
Аталмыш байқауды Қазақстан қолөнершілер одағы мен еліміздің шеберлерінің есебі деп айтсақ болады. Көрмеде қонақтар қолданбалы өнер шеберлерінің дәстүрі мен қиял-ғажайып дүниелерімен таныса алады. Ондағы экспозициялар 10 жыл аралығында өткен «Шебер» байқауының және халықаралық «Юнеско сапа Белгісі» атап өтілген жеңімпаздардың шығармалар жинағына негізделген. Мұнда еліміздегі қазіргі қолданбалы өнердің жай-күйін толық танытатын дәстүрлі қолөнер спектрі және олардың қазіргі заманғы дамуы: киіз, зергерлік өнері, кесте тігу, қыш бұйымдары, ағаштан ою-өрнек жасау, көркем металл өңдеу, тоқыма және дәстүрлі киім-кешегі ұсынылды.
Аталмыш республика деңгейінде өтіп жатқан шараға, жоғарыда айтқандай, біздің ауданның қолөнер шебері Күлән Жаңғұтты да қатысып, өзінің әртүрлі ою-өрнектермен безендірілген киізден жасалған қазақи киімдерін көпшілікке паш етті. Шебердің қолынан шыққан көз жауын алар түрлі дәстүрлі киімдер топтамасын байқауға қатысушыларға көрсетуге Райымбек округіндегі Абай ауылындағы мектептің мұғалімдері көмектескен.
Фестивальде өнертанушылар, суретшілер мен бизнес өкілдерінен тұратын сараптама комиссияның мүшелері этно-дизайнер Күлән Жаңғұттының жұмысын жоғары бағалап, оны Қазақстан қолөнершілер одағының атынан марапаттады.
Осылайша қарасайлық қолөнерші Қазақстан дизайнер одағының мүшесі, этно-дизайнер атағынан бөлек, енді еліміздің ұлттық қолөнерінің «Хас шебері» атанды!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.