Қарасайлық жасөспірімдерді талай спорт түрінен шыңдайтын «Үшқоңыр» орталығы жақсы нәтиже көрсетуден жалыққан емес. Білікті бапкерлері қызмет ететін бұл ұжым үшін ағымдағы жылдың қазан айы түрлі жеңістерге толы болды. Спорт мектебінің саңлақтары жеткен жетістіктеріне қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған грек-рим күресінен Қарасай аудандық ашық біріншілікке аталмыш орталықтың 5 шәкірті қатысып, Жайдар Дуаш баптайтын жас балуандардың екеуі үздік нәтиже көрсетті. 33 кг салмақта күрескен Әбубәкір Маким І орынға ие болса, 41 кг сынға түскен Ерқанат Қабдеш қола медальді қанжылады.
Ел Тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңында өткен еркін күрестен де спорт мектебінің мерейі үстем болды. Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш ауылында өткізілген осы ауданның ашық біріншілігінің нәтижесі бойынша 32 кг және 65 кг салмақта бақ сынаған Нұрахмет Серік пен Ислам Решетов үшінші орындарға ие болып, жаттықтырушылары В.Махарадзе мен Б.Избасаровтың үміттерін ақтады.
Ал, Текелі қаласында өткен Алматы облыстық біріншілікте спорт мектебінің екі оқушысы бақтарын сынады. Жұмабек Прназаров жаттықтырған Диас Алтыбай бұл жарыста үздік үштіктен көрінді.
Республикалық жарыстан да орталықтың асығы алшысынан түсті. Муайтайдан жаттықтыратын Юрий Щукин мен Владимир Лопаревтің шәкірттері (суретте) қарсыластарын қапы қалдырып, Қазақстан Республикасының чемпионы болды. Атап айтқанда, 48 кг-да өнер көрсеткен Алижан Қанат пен 75 кг-да күш сынасқан Бақытжан Марат жарыстың жеңімпаздары атанды.
Шамалған ауылына қарасты «Үшқоңыр» спорт мектебінің саңлақтары қазан айында осындай нәтиже көрсетті. Олар орталықтың ғана емес, ауданның да мәртебесін арттырады деген ойдамыз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.