«Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде «Junior Eurovision 2021» халықаралық ән байқауында Қазақстанның атынан өнер көрсетуге жолдама алу үшін жарысқан 10 орындаушының есімі белгілі болды. Олардың қатарында қаскелеңдік Әбілқайыр Жұмабай да бар.
Биыл, өткен жылғы дәстүрмен, еліміздің композиторлары финалистерге арнайы 2021 жылдың 6 қарашасында «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде өтетін гала-концертте шырқалатын 10 әнді жазып береді. «Junior Eurovision» Ұлттық іріктеу жеңімпазын қазылар алқасының бағалауы және қазақстандықтардың SMS дауыс беру нәтижелері анықтайды. Ұлттық іріктеу жеңімпазы Қазақстанның атынан 19 желтоқсан күні Парижде өнер көрсетеді. Жерлесіміз Жұмабай аталған дода өз бағын сынайтын болады.
Жұмабай 2010 жылғы 1 қарашада Қаскелең қаласында дүниеге келген. 4 жасынан бастап «Қалбибі өнер студиясында» білім алды. 5 жасында мектеп табалдырығын аттап, сол сәттен бастап әртүрлі конкурстардың тұрақты және белсенді қатысушысы және жүлделі орындардың иегері болды. Олардың арасында «Ақ көгершін», «Жетісу жұлдыздары», «Ғұмырдария», «Если хочешь стать звездой», «IQ Star», «Тұран дауысы», «Бозторғай», «Славянский базар» және басқалары бар. Ол танымал, табысты әнші болуды және Қазақстанды бүкіл әлемге танытуды мақсат етуде. Жұмабайға сәттілік тілейміз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.