Аудан аумағындағы нысандардың құрылыс барысын білу үшін өткен аптада Алматы облысының мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев мердігер мекемелердің өкілдерімен арнайы кездесті. Әкімдіктің үлкен мәжіліс залында өткен жиынға ауданның мәслихат хатшысы Бауыржан Айнабеков, құрылыс саласына тікелей жауапты аудан әкімінің орынбасары Жарас Қатубаев және бірқатар ауданның мәслихат депутаттары қатысты.
Жиын барысында Қарасай жеріндегі бірқатар нысанның құрылыстары талқыға түсіп, олардың жұмысы сараланды. Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының «Жол картасы» бағдарламасы аясында жүріп жатқан істердің де жай-жапсары айтылды. Кейбір мекемелердің жұмысы дер кезінде аяқталмауына байланысты Жанболат Әкебайұлы компания өкілдерінен нақты себебін сұрап, неліктен мерзімінде бітпей жатқанын анықтауға тырысты. Мәселен, көптің талқылауына айналған Қаскелең қаласындағы Белинский мектебінің күрделі жөнделуі уақытында аяқталмауы жайлы сөз болды.
Құрылысына «Авторемстрой ЛТД» ЖШС тікелей жауапты бұл ғимараттың қазіргі жағдайы көңіл қуантарлықтай емес. Бұл жайды аудан әкімінің орынбасары Жарас Қанатұлы да растап, жұмыс барысындағы кемшілік тұстарын, оның ішінде терезелері әлі орнатылмағанын, ішкі жылу жүйесі реттелмегенін және басқа да олқылықтарды тілге тиек етті. Аталған жұмыстарға байланысты компания өкілі Жеңіс Жамантаев нақты жауабын берді. Оның сөзінше, құрылыс материалдарына төлем жасалынған, алайда, олардың жеткізілуінде қиындық туып тұр. Жеңіс мырзаның айтқанына сүйенсек, жақын арада бұл мәселе шешіледі. Сонымен қатар, ол қыс түскенше ауа температурасының бірқалыпты болатынын айтып, соның нәтижесінде мектептің ішкі жұмыстары тез арада бітетінін түсіндірді.
Ал, аудан әкімінің орынбасары Жарас Қатубаев аталмыш компанияның ықпалымен бүгінгі таңда мектептің күрделі жөнделуі 57%-ға ғана дайын екенін жеткізіп, егер келісімшарт бойынша мерзімінен кешіксе, айыппұл арқалайтынын ескертті.
Мердігер мекемелердің міндеттері сараланған бұл жиында Қаскелең қаласы мен Жандосов ауылдық округіндегі әкімдік ғимараттарының құрылысы да талқыланды. Оларға жауапты серіктестіктер жұмыстың барлығы жоспар бойынша жүріп жатқанын жеткізді. Дәл сол сияқты «Өмірұзақ» тұрғын үй кешені мен Тұрар ауылындағы баспаналардың жай-жапсары баяндалды.
Бұл айтылғандардан бөлек, Шамалған ауылындағы «Үшқоңыр» денешынықтыру-сауықтыру орталығының электр желісіне қатысты мәселе қозғалды. Қосалқы стансадан жерасты арқылы өткен сымдардың бірі істен шығуына байланысты қазіргі уақытта бұл орталық ауыл ішінен тартылған тоқ көзі арқылы ғана жұмыс істеуде. Алдағы уақытта ол да тұйықталатын болса, онда ғимарат мүлдем жарықсыз қалуы мүмкін. Бұл жөнінде спорт мектебінің басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Дәурен Төлеген бас қосу барысында толықтай айтып, қандай жұмыс атқарылып жатқанынан да хабардар етті. Ал, облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаев аталған мәселеге кеңінен тоқталып, оның ретке келуін бақылауда ұстайтындығын айтты. Сонымен қатар, ол жиын соңында аудан аумағындағы аталған нысандардың жұмысы үнемі бақылауда болатынын ескертіп, құрылыс саласын жетік меңгерген маман ретінде өз бағасын берді. Әсіресе, Белинский мектебінің жағдайы мәз еместігіне жиі тоқталды.
– Бұл ғимарат облыс басшысы Амандық Ғаббасұлының тікелей қадағалауында. Қалай болғанда да, осы жылдың соңғы айында оқушылар мектепке баруы тиіс. Егер мердігер мекеме мерзімінде аяқтай алмаса, бәлкім, аудан аумағында құрылысын ерте аяқтап жатқан басқа компанияларды қосымша жұмылдыру қажет шығар. Солай ғана бұл тығырықтан шығуға болады, – деп Жанболат Әкебайұлы сөзін түйіндеп, құрылысшылардың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.