Жақында Береке ауылдық Мәдениет үйінің ұйымдастырылуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты «Тәуелсіздік – тірегім,Қазақстан – жүрегім!» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында және ұлттық құндылықтарды дәріптеп, балалардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған аталмыш көрме жыл соңына дейін Береке ауылдық мәдениет үйінің фойесінде болады.
Аталған көрмеде келушілер халықтық өнердегі көркемдік шеберліктің тәсілдерін іс жүзінде қолдана алады. Сонымен қатар, бүгінгі күнмен байланыстыра отырып, ескі қолөнер туындыларынан жаңа мәнерде пайдалы заттарды жасауға зор мүмкіндік бар.
Жасөспірімдерді қазақ халқының мол қолөнер үлгілерімен таныстыра отырып, шығармашылық нәтижелерін көрсету, халық өнерін қастерлеуге, эстетикалық ой-өрісін дамыту, патриоттық сезім ояту мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада тоқу әдісі, құрақ көрпелер, жастықтар оюларын ою, түрлі-түсті қағаздардан гүл, оригами бұйымдарын жасау, бисерден тоқу әдістері көрсетілді. Көрмеміздің ашылуында Елтай ауылдық округінің әжелер алқасының төрайымы, ұлағатты ұстаз, «Асыл әжелер» ансамблінің мүшесі Салиха Тойымбетоваға алғашқы құттықтау сөз кезегі берілді. Елтай ауылдық округінің ұлағатты ұстазы, Қарасай ауданының Құрметті азаматы Орынбасар Басарұлы тілегін айтты. Сонымен қатар, қолөнер және суретшілер туындыларынан құралған көрменің салтанатты ашылуына арнайы келген қолөнерші, «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі Аңса Шалимбеққызы да сөз алды. Шара соңында жиналғандар республикалық конкурстардың лауреаты Ақмарал Бақытқалиқызының орындауында «Менің Қазағым», Мәди Тілебалдының орындауында «Тәуелсіздік» әнін тыңдап, халықаралық конкурстың лауреаты Ерғазы Қайықбайдың орындауында Нұрғиса Тілендиевтің «Жекпе-жек» күйін тамашалады.
Лаура ХАБУЛОВА,
Береке ауылдық Мәдениет үйінің әдіскері.