Жалпы, бар-жоғымызды түгендеп, алдағы бағыт-бағдарымызды анықтау үшін, соған сәйкес жоспар-жобалар жасау үшін, әсіресе, әлеуметтік мәселелерді орнымен, оңды шешу үшін статистикалық есеп-қисаптың, мәліметтердің, санақ жүргізудің маңызы айрықша. Сондықтан да бұл мәселеге қай мемлекетте болса да ерекше мән беріледі.
Осы орайда, егемен елімізде үстіміздегі жылы өтіп жатқан Ұлттық халық санағы және оның ерекшеліктері туралы аудандық статистика басқармасының басшысы Дина Нүпбаевамен сұхбаттасқан едік.
– Дина Садыханқызы, әңгімемізді мынадан бастасақ – осы жолғы Ұлттық халық санағының жай-жапсары жайында баяндап беріңізші.
– Бұл ретте ең алдымен айтарым, Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері елімізде халық санағы осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Аталған науқанның мемлекеттік үлкен мән-маңызы бар екенін бәріміз де түсінеміз ғой деп ойлаймын. Биылғы санақ республика Үкіметінің бекіткен шешімі бойынша екі кезеңге бөлінген. Оның бірінші, яғни, дайындық кезеңі 1 маусымда басталып, 30 маусымда аяқталды. Ал, екінші негізгі кезең үстіміздегі жылғы 1 қыркүйектен 30 қазан аралығында ұйымдастырылады. Оның басталып кеткеніне де он шақты күн өтті. Осы тұста атап көрсететін бір мәселе бар, ол – 1 қыркүйек пен 15 қазан арасында санақ онлайн режімде өткізілмек.
– Сонда Ұлттық халық санағына да цифрлық технология қолданылады демекшісіз ғой?
– Иә, дәл солай. 1 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі аралықта sanaq.gov.kz мамандандырылған веб-сайтында онлайн режімінде халық санағынан өтуге болады. Аталған сайттың тәулік бойы, яғни, 24 сағат бойы қолжетімді екенін де айта кеткен жөн.
– Әртүрлі себептермен онлайн режімде санақтан өтпеген азаматтарымыз қайтпек?
– Айтайын. Мұндай азаматтарды қамту үшін мынадай жұмыстар істеледі: оларда 1-30 қазан арасында, тиісті санитарлық нормаларды сақтай отырып, интервьюерлердің сұрақтарына жауап беру мүмкіндігі болады. Мұнда интервьюерлердің электронды планшеттерді пайдалануын да осы науқанның негізгі жаңалықтарының бірі дей аламыз, яғни, деректердің барлығы да планшетке түсіріліп, нақтыланады.
– Енді әңгімеміздің бас жағынада сөз болған санақтың бірінші кезеңінде, яғни, дайындық кезеңінде атқарылған жұмыстар туралы айтсаңыз.
– Осы уақытта интервьюерлер аудандағы барлық мекендерді аралап, тұрғын үйлерді, тұрғын үй емес жайларды, құрылыстарды, тағы басқа да жерлерді аралап, ондағы тұратын адамдардың санын анықтады. Бұл іске 20 нұсқаушы, 14 нұсқаушы-бақылаушы, 98 интервьюер қатысты. Санақтың осы бірінші кезеңінде жоспарға сай 108691 нысан бойынша деректер жинақтау керек болса, нақтылай алғанда 120182 нысан, яғни, тұрғын үй мен тұрғын үй емес жайлар қамтылғанын айтқанымыз дұрыс. Халық санағының екінші кезеңіне 61 нұсқаушы-бақылаушы, 428 есепші қабылданған, жұмыс істеу мерзімі 45 күн, нақтыласақ, 24 қыркүйектен 8 қарашаға дейін мерзімді қамтиды. Олардың барлығы да алдын ала оқытылған, үйретілген.
– Мемлекеттік мән-маңызы үлкен осы Ұлттық халық санағы парақшасындағы сауалдар жөнінде не айтуға болады?
– Биылғы халық санағында 91 сұрақ қарастырылған. Дегенмен, бұл азаматтар барлық сауалға да жауап береді дегенді білдірмейді. Өйткені, олардың ішінде шетелге кеткен немесе елге келген адамдарға, сондай-ақ, тек қана әйелдерге қатысты қойылатын сұрақтар бар. Сонымен қатар, үйдің жағдайына байланысты сұрақтарға тек үйдің иесі ғана жауап беретін болады. Санақ парақтары туралы тағы да қосымша айта кететін болсақ, ондағы 67 сұрақ негізгі болып есептеледі және оған қосымша 20 нақтылаушы сұрақ бар. Жалпы, сауалдар халықаралық практикаға сай келеді, сол сияқты оған өз еліміздің жай-күйіне байланысты қосымша сұрақтар қосылған. Негізгі сұрақтардан өзге көші-қон, еңбекпен қамту, неке жағдайы, бала туу және тіл білуі бойынша сұрақтардың аясы кеңейтілген.
– Адамдар санақ науқанында интервьюерлерді басқалардан қалай ажырата алады?
– Ең алдымен оларды көзге бірден түсетін көк түсті фирмалық сөмке, сондай-ақ, әрине, планшет арқылы ажыратамыз. Көк түсті мойынорағышы да алыстан менмұндалап тұрады. Сөмкеде де, мойынорағышта да ұлттық халық санағының арнайы жасалған логотипі де анық аңғарылады.
– Әңгімеңізге көп рахмет! Бұл науқанның маңыздылығын жете түсінетін тәуелсіз еліміздің азаматтарының белсенділігі мен шын, шынайы жауаптары халық санағы туралы сапалы да дәл деректерді алуға негіз болады деп есептейік. Шынында да, осы науқан ұранында айтылғандай, «Қазақстанда әркім маңызды!»
– Сізге де рахмет!
Әңгімелескен Берікбай ҚАДЫҚОВ.