Аудандағы кейбір қосымша білім беру мекемелері енді ақысыз қызмет көрсететін болады. Яғни, ата-аналардың өнер, спорт, білім-ғылым және тағы басқа бағыттар бойынша балаларын тегін үйірмелерге беруіне мүмкіндік туды. Жақында аудан орталығындағы «Маметиязова» ЖК қосымша білім беру мекемесі де тегін қызмет көрсетуге көшті.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді жан басына нормативтік қаржыландыру жобасы басталған болатын. Яғни, қосымша білім берумен айналысатын жекеменшік орталықтар мемлекеттік шығармашылық тапсырысқа қатысу арқылы бюджеттен қаражат алып, есесіне халыққа тегін әрі сапалы қызмет көрсетуге көшеді. Жаңа жүйемен жұмыс жасайтын орталықтардың бірі – Қаскелең қаласында орналасқан «Маметиязова» жеке кәсіпкерлігі. Аталған орталық осыдан үш айдай бұрын ашылса да, мемлекеттік қолдау аясында жұмыс істей бастағанына бір айдың көлемі болған. Қазіргі таңда мұнда 500-ге жуық бала шығармашылық тапсырыс аясында тегін үйірмеге қатысуға мүмкіндік алды. Оның ішінде 160 бала бейнелеу өнері, 160 бала домбыра, 50 бала вокал, 80 бала домбырамен ән салу үйірмелерінен тәлім алып, білімдерін жетілдіруде. Аталған орталықты Қаскелең қаласының тұрғындары Баян Маметиязова мен Ардақ Сабитова ашқан. Жеке кәсіпкерлер төрт бағыт бойынша үйірмелерді ұйымдастырып, мемлекеттік тапсырысты орындап отыр.
– Бұл жоба ата-аналарға екі жағынан тиімді. Біріншіден, жеке үйірмелерге баратын балалары үшін ақша төлеп шығындалмайды. Екіншіден, балаларын сапалы шығармашылық орталықтарына апарып, қосымша дамытуға мүмкіндік туады. Себебі, мемлекет тарапынан қаржыландырылған мұндай орталықтардың қызмет көрсету сапасы да жоғары болуы керек. Яғни, мекемеге қойылатын талап өте күшті. Мысалы, балалардың қауіпсіздігін сақтау ережелері, ұстаздардың біліктілігін дәлелдейтін дипломдар, медициналық анықтамалары секілді құжаттарын бірге ұсынады, – дейді орталық жетекшілерінің бірі Ардақ Сабитова.
Үйірмелерді тәжірибелі мамандар жүргізеді. Мәселен, бейнелеу өнері бойынша Айнұр Тағаева мен Бекзат Отарбеков сынды ұстаздар тәлім берсе, вокал мен домбырамен ән салу үйірмесінің жетекшісі Аягөз Ахметова, ал, ұлттық аспап домбыра бойынша сабақты Қизат Сұлтанов береді.
Жалпы, бұған дейін осы сынды үйірмелерге келетін балалардың ата-аналары бұған дейін әрбіріне 8-10 мың теңге көлемінде төлейтін. Енді ол тоқтатылды. Себебі, осындай шығармашылық үйірмелерге кейбір отбасынан 3-4 балаға дейін барады. Мұның бәрін қосқанда қалтаға әжептәуір салмақ түсетіні анық. Мұндай жаңашылдыққа ең алдымен ата-аналар дән-риза.
Осы жобаның нәтижесінде мәдениет және өнер саласы бойынша үйірмелердің 58 бағыты қолжетімді болады деп отыр мамандар. Әзірге біз тілге тиек еткен Қаскелең қаласындағы бұл орталықта 4 бағыт бойынша үйірмелер қолжетімді. «Маметиязова» жеке кәсіпкерлігі жетекшілерінің айтуынша, алдағы уақытта мұнда ағашөңдеу, мүсіндеу, би бойынша үйірмелерді ашу жоспарда бар екен.
Тегін сабақтарға 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалар қатыса алады. Десе де, талап бойынша таңдау екі секция мен үйірмеден аспауы керек. Секцияға немесе үйірмеге бару үшін электронды кезекке тұрып, нақты үйірме түрін таңдау маңызды. Электронды тізімге тіркелу үшін баланың заңды өкілі өтінім бере алады. Енді ата-аналарға түсінікті болуы үшін «artsport.edu.kz» порталы арқылы қалай тапсырыс беруге болатынын түсіндірейік. Алғашқы қадам – порталға тіркелу. Одан кейін ата-анаға арналған тетікті басып, өзіңіздің жергілікті елді мекеніңізді таңдайсыз. Негізгі бетке мәдениет бағыты және спорт бағыты деген екі бөлім пайда болады. Соның біріне кіріп, қажетті үйірмені таңдайсыз. Мысалы, домбыра үйірмесін іздейтін болсаңыз ауданымызда және қалада домбыраны тегін үйрететін қанша орталық бары анықталады. Сол арқылы балаларға керекті тегін үйірмелерді тауып аласыз.
Бүгінде түрлі бағытта балалардың бос уақытын тиімді өткізуін ұйымдастырып жүрген орталықтың алға қойған жоспарлары нақты әрі жүйелі. Үйірмелерге қатысып жүрген балалардың қабілеттерін шыңдап қана қоймай, әрбір бағыт бойынша да жарыстарға қатыстырып, көрмелер мен концерттер ұйымдастырмақ. Бастысы, әрбір баланы саналы азамат ретінде қалыптастыру жолында маңдай терін төгіп, еңбек етіп жүрген ұжымның шығар биігі бұдан да алда деп ойлаймыз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.