Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр халыққа арнаған Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау қажеттігін анық айтқанын білесіздер. Енді, міне, Президентінің пәрмені Заңды түрде күшіне еніп, ел тарихында ауыл тұрғындарына өз әкімін сайлау мүмкіндігі туып отыр. Бұл бастаманы жергілікті жұртшылық та жан-жақты қолдауда. Одан жақсы нәтиже болатынына да сенімдері мол.
Менің ойымша, ауылын таныған азамат қана басшылық қызметке тағайындалғаны дұрыс. Әрине, жоғары білімді болуы да, тәжірибесінің бары да ескерілуі керек деп есептеймін.
Ауылдастар да өз жеріне жаны ашитын, халықтың қамын ойлайтын, кез келген мәселенің басы-қасында жүріп, оның оңтайлы шешілуіне ықпал ететін азаматтың сайланғанын қалайтыны белгілі.
Ауыл әкімін жергілікті халықтың сайлауы – жаңа серпін, бәсекелестікке бастама. Оның нәтижесі талай істің жандануына, қордаланған мәселенің шешілуіне ықпал етеді деп үміттенемін.
Ал, жаңадан сайланған басшы өз сайлаушыларының, яғни, сенім артқан жұрттың алдында толықтай жауапкершілікті біліп, ауыр жүкті арқалайтынын білуі тиіс. Сондай-ақ, сайлауда бақ сынайтын әрбір азамат саяси додаға қатысу арқылы өз ауылының болашағына жауап береді. Осыны үміткерлер жете түсінсе екен деген тілегім бар.
«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп қазақ бекер айтпаған. Сондықтан жауапты міндетті атқаратын кез келген азамат тұрғындардың өтініш-тілегіне құлақ асып, бірлесе жұмыс атқара білуі керек. Сонда ғана ауылдың дамуы өрге басады деген сенімдемін.
Нағима САҒАТОВА,
Ұмтыл ауылдық округі аналар алқасының төрайымы, ардагер ұстаз.