…Жақсы адамдар Алланың жазуымен қайтпас сапарға аттанғанда жаның күйзеліп, жабырқап, жабығып қаласың. Ал, оның ішінде ол өзіңмен бірге еңбек еткен, жиі-жиі жүздесіп, әдемі әңгімелесіп жүрген, сыйлас, тілектес, ниеттес жан болса бұл реттегі өкініш, тіпті, өзегіңді өртейді, кәдімгідей қайғырып, қамығасың.
Мен үшін Өтесін Құбиевтің де орны бөлек, бөлекше еді. Сондықтан ол кісінің қайтыс болғандығы туралы суық хабарды естігенде ерекше құлазып, жаман күй кештім…
Иә, жуырда ғана жер бетіндегі дәм-тұзы таусылып Өтекең, Өтесін аға Құбиев те дүние салды. Халыққа жаққан, елге сыйлы, көпшілікке қадірлі ардақты азамат өмірден өтті. Әрине, ерте ме, кеш пе, бұл жұмыр басты пенденің бәрінің басына келетін жағдай ғой… Дегенмен, Өтекең әлі де жүре тұруы керек еді-ау деп өте өкінеміз! Бірақ, түптің-түбінде барлығы да бір Жаратқанның қолында…
Осындай кездері еске көп нәрселер түседі екен. Ой көзімен бұрынғы шақтарды шолып шықсаң, талай тамаша жарқын бейнелер, жақсы жайлар, қуанышты сәттер, қызықты оқиғалар аңсаудың, қимастықтың көкжиегін кеңейтіп, алдыңнан алыс қырдан дейтіндей қылаң береді.
…2009 жылдың тамыз айының басы болатын, қазыналы Қарасай ауданының «Заман жаршысы» газетінің редакциясына тілші ретінде орналастым. Бұл жұмысқа алған, менің осы саладағы мол тәжірибемді елеп, ескерген бас редактор Өтесін Иманқұлұлы еді. Мұны өзім ешқашанда ұмытпаймын!
Содан бері аталған басылымның қара қазанында қайнап келемін десем, артық айтқандық емес. Бір-екі айдан соң орынбасары басқа жұмысқа ауысты да енді осы жауапты қызметке тағайындалдым.
Сөйтіп, 2014 жылдың аяғына дейін бірлесе, бірге жұмыс істеп, қасиетті Қарасай ауданының бүкіл тыныс-тіршілігін газетке жазып, жариялап, оқырмандарға жедел жеткізіп отырдық. Бұл ретте орынбасары ретінде маған көп сенім артатын марқұм.
Газет шығару өте жауапты әрі шығармашылық іс қой, оның қызығымен қатар, қиындығы да мол екені белгілі. Біз осы орайда, яғни, жұмыс барысында әрқашанда да тонның ішкі бауындай жақын болып, асықпай ақылдаса, кеңінен кеңесе, терең түсінісе қызмет істедік.
Жалпы, Өтекең өте қарапайым, кішіпейіл, мінезі жайлы, сабырлы, салмақты жан еді. Ашуланбайтын, ал, кейде алда-жалда ондай жағдай бола қалғанда, «жақсы адамның ашуы шай орамал кепкенше» дегендей, қайтымы тез еді. Іле ештеңе болмағандай бәрін бірден ұмытатын, яғни, түнерген бұлттан шыққан күндей тез-ақ жарқырап шыға келетін. Жылы-жылы сөйлесіп, ортақ істі ары қарай жайыменен жалғастыратын.
Сыпайы, мәдениетті еді. Алдына кім келсе де айтарын асықпай тыңдап, мұқият көңіл бөле әңгімелесетін, содан соң ғана орнымен жауап қайтаратын. Газетке жазатын мәселе болса, тез арада журналистерге тапсырма беретін.
Аудандағы көп адаммен сыйласты, бәрімен араласып тұрды, ел-жұртпен етене жақын болды. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» демекші, қай жерге барса да, көпшіліктің құрметіне бөленіп жүрді. Өйткені, мұндай адамдар өзгелерді өзіне өзгеше тартып тұрады ғой!
Жолдас-жоралары, достары да аз емес еді. Олар да Өтекеңді төбесіне көтеріп, әрқашан қадірлеп, қастерлейтін.
Сонымен қатар, Өтесін аға жастарға, жас журналистерге тәлімді тәрбиеші де бола білді. Олардың барлығының дерлік қанатының қатаюына, жазарының жақсы жалғасуына, аңғарымпаздығының артуына, оқырман қауымға танылуына әманда ақ жол ашып отырды. Себебі, Өтекең баспасөздің майын ішкен дерліктей тәжірибесі өте мол журналист еді.
Құдай қосқан қосағы Гүлжаһан жеңгей екеуі ғұмыр бойы, отбасы туын жоғары ұстап, жан-жүректерімен сыйласа, сырласа, бір-біріне тіреу, сүйеу бола білді. Ұл-қыз сүйді, немерелердің ардақты атасы, асыл әжесі атанды.
Сөзімді аяқтай келе айтарым, мұндай азаматтың есімі ел есінде ұзақ сақталады. Ал, біздер, бірге қызмет істегендер, оның жарқын жүзін, жақсы сөзін, игі істерін, ізгі жұмыстарын еш уақытта ұмытпаймыз!
Жатқан жеріңіз жайлы, алдыңыз пейіш, артыңыз кеніш болсын, Өтеке!
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
аудандық «Заман жаршысы» газетінің тілшісі.