Жақында Қаскелең қаласында тірек-қимыл қозғалыс аппараты зақымдалған және көру қабілеті төмен спортшылар арасындағы облыстық VI спартакиаданың жабылу салтанаты өтті.
Спорттың 13 түрі қамтылған спартакиаданың соңғы жарыстары Қаскелең қаласында өтіп, жеңімпаздар марапатталды.Облыстық жарыстың нәтижесі бойынша қарасайлықтар бірінші орынға ие болып, жүлдегер атанды. Аталмыш іс-шараның ұйымдастырушысы – Мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебі директорының орынбасары Арман Болатұлының айтуынша, осы спартакиаданың нәтижесі арқылы республикалық байқауға іріктеу жүргізіледі.
– Өткен жылдармен салыстырсақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың спортқа деген құмарлығы әлдеқайда артқанын байқаймыз. Олардың талпыныстары мен ынталарын көріп қуанасың. Біз әрдайым тағдырдың сынағына түсіп, басқалардан өзгеше өмір сүруге міндетті жандарға қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Арлан Айтебеков.
Жүлдегерлерді марапаттау күнінде қаламыздағы «Дельфин» спорттық сауықтыру кешенінде суда өздерін еркін сезінетін мүгедектер жүзуден және аудандық №1 балалар жасөспірімдер спорт мектебінде голболдан, яғни, көру қабілетінен айырылған немесе көру қабілеті зақымдалған жандарға арналған ойын түрлерінен жарыс өтті.
Аталмыш жарыста 13 спорт түрінің 10-нан аудан спортшылары жүлделі орындардан көрінді. Осылайша, қарасайлықтар командалық есеп бойынша үздік атанып,спартакиаданың кубогына ие болды. Осындай жарыстардан үнемі жеңіспен оралатын «Алтын ауыл» ықшам ауданындағы «Күш-Қуат» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығынын директоры Асылбек Жалдыбаев және Азамат Нұралиев секілді спортшылар да қатысып, мықты екендіктерін дәлелдеді. Олар өз тарапынан ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, өмірден түңілген, мүгедектікке тап болған жандарға спорт арқылы жан дүниені қайта жаңартуға болатынын айтып кеңесін берді.
Мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебінің Қарасай ауданы бойынша аға жаттықтырушысы, «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының төрағасы Тәжіғали Ходжамұратов алдағы уақытта өтетін республикалық спартакиадада бақ сынайтын облыстық құраманың 30%-ын қарасайлық спортшылар құрауы мүмкін деп болжап отыр.
Іріктеуден өткен қарасайлық спортшыларға келешекте де жеңіске жетіп, жүлдегер болып оралуларына біз де тілектеспіз!
(Суретте: Мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебі директорының орынбасары Арман Болатұлы мен жүзуден жеңімпаз атанған Азамат Нұралиев)
Салима БАҒАШАР.