Шілде айынан бастап «Жасыл ел» еңбек жасағының XVII маусымы өз жұмысын бастады. Аудан бойынша биылғы еңбек маусымына 100 жасты тарту жоспарланған.
Жаңа маусымның ашылуына орай «Жасыл ел» жастары өткен аптада осы жылдағы алғашқы ауданды абаттандыру жұмыстарына қатысты. Нақтырақ айтқанда, оқушылар, студенттер мен жастардан құрылған топтар өткен аптада қолдарына жұмыс құралдарын ұстап, аудандық әкімдік ғимараты мен мәңгілік алау алаңындағы қаулап кеткен арамшөпті жұлып, айналасына тазарту жұмыстарын жүргізді. Бұл игі іске 50 адам қатысты.
– Жұмысқа қабылданған жастардың әрқайсысымен жеке еңбек шарты жасалып, ай сайынғы жалақылары банк карталарына аударылады. Жалпы еңбек маусымына 29 жасқа дейінгі кез келген жас орналасып, үш ай бойы еңбек етуге мүмкіндіктері бар. Тек бастысы жасы 16-ға толған болуы шарт, – деді Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова.
Тағы бір айта кетерлігі, оқуын аяқтап, жазғы демалысқа шыққан жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, оларды еңбексүйгіштікке тәрбиелейтін бағдарлама арқылы ауданымыздың барлық ауылдық округтерінен келетін 100 жасты жұмыспен қамту жоспарда бар.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.