«Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық филиалының осы аптада өткен кезектен тыс XXXII конференциясында маңызды мәселелердің бірі қаралды. Атап айтқанда, осы жолы аталмыш партияның атынан Елтай ауылдық округі әкімі сайлауына кандидат ұсыну жағы талқыланды.
Конференцияның жұмысын «Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Жандарбек Далабаев жүргізді. Ал, санитарлық талапқа сай өткен конференция мәселесін талқылауға Алматы облыстық мәслихатының депутаты, облыстық Саяси кеңесінің мүшесі Жалғасхан Донбаев және басқа да партия мүшелері белсенділік танытты. Сонымен қатар, бұл жиынға басқа да делегаттар онлайн форматта қатысып отырды.
Партияның кезектен тыс басқосуының барлық шешімдері ашық дауыс беру арқылы бекітілді. Өз кезегінде «Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық филиалының төрағасы, аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы ҚР «ҚР Сайлау туралы» Конституциялық заңының 113-1 бабын басшылыққа ала отырып, күн тәртібі бойынша партия тарапынан Елтай ауылдық округі әкіміне кандидат ұсынуы қажет екенін алға тартты.
Сонымен кандидаттардың тізімі бойынша делегаттардың бірауыз шешімімен лайықты үміткер бекітілді. Дауыс беру нәтижесі бойынша алдағы сайлауда мемлекеттік қызметте талай жыл тәжірибесі бар, аталмыш округтің тұрғыны болып табылатын Біржан Махатов Елтай ауылдық округі әкіміне «Nur Otan» партиясы атынан үміткер ретінде қатысатын болды.
Конференцияның күн тәртібіндегі мәселе осымен толық қаралды. Алдағы саяси науқанға дайын болу керектігін айтқан «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Ж.Далабаев делегаттарға алғысын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Өз тілшіміз.