Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің есімі тарихта қалатыны сөзсіз. Кеңес Одағының және Ресей Федерациясының батыры атанған, ел мақтанышы биыл 75 жасқа толып, мерейлі мерейтойын атап өтуде. Ұлы даланың ұшқышы Тоқтар Оңғарбайұлының құрметіне орай ауданымызға қарасты «GULNAR BAQ» демалыс орнында құмдағы волейболдан халықаралық жарыс ұйымдастырылып, оның ашылу салтанаты мен алғашқы ойындары өткізілді. Дүбірлі доданың өтуіне Алматы облысының әкімдігі мен «Буревестник-Алматы» волейбол клубы ұйытқы болды.
Айтулы спорттық шараға мерейлі 75 жасқа жеткен, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров арнайы шақырылса, құрметті қонақтардың қатарында Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев, Қазақстанның халық жазушысы, «Невада-Семей» полигонын жабу үшін күрескен, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, белгілі күйші Секен Тұрысбеков, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев, және басқа да қоғам қайраткерлері болды.
Халықаралық турнирдің ашылу салтанатында аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы алғашқылардың бірі болып сөз бастап, қазақтың тұңғыш ғарышкеріне деген ізгі тілегін, ілтипатын білдіріп, осындай аңыз адамның қазақтан шыққанына қуану керектігін айтты. Сонымен қатар, аудан әкімі Ж.Далабаев облыс басшысы Амандық Баталовтың арнайы құттықтауын жеткізіп, осындай игі бастамаға себепші болып отырған «Буревестник-Алматы» волейбол клубының президенті Амангелді Шабдарбаевқа ерекше алғысын білдірді. Мерейтой иесіне деген ыстық ықыласын, ақ тілегін құрметті қонақтардың бірі Олжас Сүлейменов те арнап, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Спорттық бәсеке басталар алдында бұл турнирдің басты кейіпкері, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров өзі де бір-екі ауыз жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде осындай басқосуға себепкер болған А.Шабдарбаевқа деген шынайы ризашылығын білдіріп, достықтары қашанда жоғары екенін айтып, бұл додада жеңіліс болмайды, тек спорт қана жеңетінін ерекше көңіл-күйде жеткізді. Ал, өз кезегінде генерал-лейтенант Амангелді Смағұлұлы халықтың мақтанышы Т.Әубәкіров жайлы жақсы естеліктерімен бөлісіп, сөз соңында қазақтың тұңғыш ғарышкеріне және басқа да бірқатар қадірлі қонақтарға шапан жауып, құрмет көрсетті. Құтты меймандардың спортшыларға деген тілектерінен кейін, жарыстың алғашқы ойындары да басталып кетті.
Үш күнге созылған ойынға 6 санат бойынша ерлер мен әйелдер, сонымен қатар, көршілес Өзбекстан мемлекетінен бірнеше команда қатысты. Олар жұп ретінде және төртке төрт болып, қарсылас ретінде бақтарын сынады.
Жарыс нәтижесі бойынша жұп болып ойын өрнегін көрсеткен ерлер арасында Ұйғыр ауданы І орынға ие болды. Ал, өзбек ағайындылар ІІ орынды алса, алматылық «Kegoc» командасына жүлделі ІІІ орын бұйырды. Дәл осы санатта әйелдер құрамасынан ішкі істер министрлігінің волейболшылары үздік команда атанды. Ал, «JMA1» және «JMA2» деп аталатын командалар өзара ІІ мен ІІІ орынды қанағат тұтты. Төртке төрт болып қарсы ойнаған кәсіби спортшылар арасында І орынды «Teampest» алса, ІІ орынның жүлдесі «Dream team» командасына бұйырды. «Буревестник» бұл жарыста үздік үштікке лайық ойын өрнегін көрсетті. Дәл осы ойын жүйесінде ерлер мен әйелдер де спорттық сынға түсті. Бұл ойында Өзбекстанның жігіттері жарыс жеңімпазы атанса, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамасына ІІ орын берілді. «Ұшқын» деп аталатын команда үшінші орынның жүлдегері атанды. Әйелдер арасында ішкі істер министрлігінің волейболшы қыздары барлық қарсыластарынан мықты атанып, І орынды иеленді. Ал, «JMA» мен «Валькири» команадаларға сәйкесінше ІІ және ІІІ орындар бұйырды.
Бұл ойында 40 жастан асқан командалар да волейбол спортына деген белсенділіктерін танытты. Олардың арасында «Буревестник» І орынға лайық болса, өзбекстандық ерлер ІІ орынның және «Мұзтау» құрамасына ІІІ орынның жүлдесі табыс етілді.
Барлық жүлдегер қатысушыларды жарыстың соңғы күнінде белгілі күйші Секен Тұрысбеков пен генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев арнайы марапаттап, әрқайысысына арнайы дипломдар, медальдар, кубоктар және қаржылай сыйлықтарды тапсырды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.