Алдағы күз айларында тұтас бір мемлекеттің ішкі болмыс-бітімі, халықтың тыныс-тіршілігі таразыға тартылатын тарихи сәт күтіп тұр. Олай дейтініміз, он жылда бір рет өткізілетін Ұлттық халық санағы еліміз егемендік алғалы бері осымен үшінші мәрте ұйымдастырылғалы отыр. Үш он жылдықта жеткен жетістігіміз болса, жіліктеп жіпке тізетін, кеткен есеміз болса, кері бұрылып кем-кетігін айқындап алатын сәт бұл. Әрине, халқымыздың барын бағамдайтын бұл санақ өз дәстүрінен жаңылмағанда осыдан тура екі жыл бұрын қолға алынып, нәтижесі сарапталуы тиіс еді. Алайда, түрлі себептерге байланысты бұл жұмыс алдымен 2020 жылға, кейін пандемияның кесірінен 2021 жылға шегерілді. Осылайша, ұпайымыз түгенделетін Ұлттық санақты өткізудің сәті биыл келген секілді. Жалпы, халық санағы – белгілі бір уақыт шеңберінде халықтың демографиялық, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы ақпаратын жинау, өңдеу, жариялау, тарату мақсатындағы жалпыұлттық статистикалық сараптау саналғанымен, оның ауқымы әлдеқайда кең. Себебі санақтың қорытындысы есеп-қисап үшін ғана емес, ең алдымен мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындау, басқарушылық шешімдер шығару үшін қажет.
«Қазақстанда әркім маңызды!» деген ұранмен ұлттық халық санағы өткізіледі.Қазақстан Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы № 419 қаулысына сәйкес, 2021 жылғы халық санағы 1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі кезең аралығында өтеді.
Ұлттық халық санағы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі осы жылы маусым айының 1-і мен 30-ы аралығында өтеді. Бұл кезде интервьюерлер тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралап шығады. Сонымен қатар, аудандастыруға дайындық жүргізіледі.
Бүгінгі күні Қарасай ауданы бойынша халық санағының бірінші кезеңін өткізу үшін 20 нұсқаушы-бақылаушы және 98 интервьюерлер лауазымына штаттан тыс қызметкерлермен келісімшарт арқылы жұмысқа тартылып, олармен оқыту семинарлары өткізілді. Ал, аудандағы аталған жұмыстардың дұрыс әрі нақтылы өтуіне санақ бөлімінің бас меңгерушісі Айман Ерментаева жауапты. Сонымен қатар, бұл бөлімде Фариза Наушарбанова, Айбек Асқаров, Айсұлтан Ораш сынды қызметкерлер жұмыс істеуде. 1 маусым бастау алған санақтың бірінші кезеңінде бүгінгі күнге дейін қарасайлықтардың 16% қамтылған.
Айта кетейік, ұлттық халық санағы 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін, 45 күн онлайн форматта өтсе, ал, интервьюерлер 1-30 қазан аралығында планшетпен аралайды. 31-қазаннан 7 қараша аралығында бақылау жұмыстары жүргізіледі, респонденттердің 10%-ын аралап, деректердің қамтылуы мен дәйектілігі тексеріледі. Биылғы ұлттық санақтың жаңалығы заманауи цифрлық технологиялар және процестерге автоматтандыру енгізу болып табылады. Халықтың деректерін жинау процесі екі әдіспен жүргізілетін болады. Бірінші әдіс – sanaq.gov.kz мамандырылған веб-сайтында виртуалды көмекшінің көмегімен интернет-сауалнама арқылы өтеді. Жоғарыда аталған сайт 2021 жылдың 1-ші қыркүйегінен қазан айының 15-не дейін тәулік бойы жұмыс істейді. Екінші түрі ол, санақты онлайн режимде өтпеген респонденттер арасында жалпылама түрде электронды планшетпен интервьюерлер өткізеді. Санақ парақтарына қысқаша тоқталсақ, негізі 4 сауалнамадан тұрады, 87 сұрақ қойылады. Ондағы 67 сұрақ- негізгі және оған қосымша 20 нақтылаушы сұрақ бар. Негізгі сұрақтардан басқа көші-қон, еңбекпен қамту, неке жағдайы, бала туу және тіл білуі бойынша сұрақтар аясы кеңейтілген.
Санақ кезінде туындаған сұрақтар бойынша «1446» стационарлық нөмірлеріне немесе 88000800878 ұялы байланыс операторларына хабарласып, онлайн кеңес алуға болатынын айтып өткен жөн .
Бұрым ОРЫНБАСАР.