8 маусымда Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізіліп, оның жұмысын кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов жүргізді.
Белгіленген күн тәртібі бойынша алғашқы кезекте комиссия мүшелері «Қарасай ауданы орталық ауруханасының коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары мен отандық вакцинаны жаппай егу туралы» аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Руслан Куккузовтың хабарламасын тыңдады.
Аталған мәселенің қазіргі кезде бүкіл елімізде өте өзекті, аса күрделі болып отырғаны баршаға белгілі. Өйткені, ол адамның өмірі мен денсаулығына байланысты. Сондықтан да комиссия мүшелері Едіген Жүнісбеков, Орынбай Жанәділ, Қаныбек Айтжанов, Мұхтар Байқұлов сөйлеп, өз ой-пікірін ортаға салды, талап қойды.
– Бұл бағыттағы жұмыстарға көңіл толыңқырамайды, – деді атап айтқанда Несіпбала Әбділдаева. – Вакцинациялау қарқынын әлі де күшейту қажет. Жұмыс үзіп-жұлқып емес, жүйелі атқарылуы тиіс. Әсіресе, баспасөз, әлеуметтік желілер арқылы індеттен екпе егу арқылы құтылатынымыз жайында халық арасындағы түсінік жұмысын жүргізіп, насихатты барынша күшейту керек!
Мұнан кейін аудандық қаржы бөлімінің басшысы Тоты Каримова «Аудандық қаржы бөлімінің 2020 жылға арналған бюджеттің атқарылуы туралы» есеп беріп, бұл мәселе жөнінде кеңес мүшелері Едіген Жүнісбеков, Сағындық Жылқыбаев, Қаныбек Айтжанов, Мұхтар Байқұлов сөз алып, бюджеттің орындалуына, қаржының игерілуіне байланысты бірқатар сұрақтарын қойып, істің ілгерілуіне қатысты ұсыныстарын айтты.
Отырыста келесі кезекте «Аудандық еңбек және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің және аудандық жұмыспен қамту орталығы басшыларының 2021 жылдың қаңтар айынан есеп беру кезеңіне дейінгі өздеріне жүктелген міндеттерін атқару және бөлімдердің жұмысы туралы» еңбек және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Қилыбаева мен жұмыспен қамту орталығының басшысы Эльмира Тасырованың есептері тыңдалды. Комиссия мүшелері Бауыржан Айнабеков, Сағат Мәсімақынов, Несіпбала Әбділдаева, Орынбай Жанәділ әлеуметтік-тұрмыстық мәселенің халықтың өмір-тіршілігі үшін өте маңызды екенін айта келе, осы бағыттағы барлық істің ел көңілінен шығатындай дәрежеде атқарылуы керектігіне баса назар аудартты.
Ал, Мұхтар Байқұлов болса жұмыссыздықты азайту, жұмыспен қамту мәселесінің адам үшін мәні зор екенін атап көрсетіп, бірқатар сұрақ қойды, осы орайдағы істердің нәтижелі болуын талап етті. Сол сияқты Тәжіғали Ходжамұратов сөз алып, мүгедектерге арналған инвотаксидің бізде 2-уі бар екенін, оның біреуі күрделі жөндеуді қажет ететінін, жалпы ауданға олардың аздық ететінін, сондықтан тағы 2-3-уін алу керектігін айтты.
Күн тәртібін-дегі соңғы мәселе – «Қарасай аудандық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің және Елтай ауылдық округі әкімінің халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуі туралы» кеңес мүшелері алдында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ескендір Егеубек пен Елтай ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Біржан Белғожаев хабарлама жасады. Бұл ретте сөйлеген Сағат Мәсімақынов, Несіпбала Әбділдаева, Мұхтар Байқұлов мұның да азаматтар үшін маңызды екенін әңгімелей келе өз ұсыныстарын айтып, ой-пікірлерін жеткізді.
Отырыста барлық қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, олар бойынша жұмысты жақсартуға байланысты талаптар қойылды.
Бас қосуды Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Ұлтарақұлы қорытындылап, қандай жұмыс болса да үнемі сапалы, нәтижелі атқарылуы тиістігін, отырыста сөз болған кемшіліктерді жедел түзету қажеттігін атап айта келе, күн тәртібі бойынша мәселелерді талқылауда ерекше белсенділік танытқан кеңес мүшелеріне ризашылығын білдірді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.