Міне, биыл Қазақ елі тәңірі берген Тәуелсіздігінің, арайлы азаттығының 30 жылына қадам басты. Егемен мемлекетіміздің мерейтойына арналған іс-шаралар барлық аймақтар бойынша қамтылып, ұйымдастырылуда. Осыған орай, біздің Береке ауылының Мәдениет үйі ауылдағы кітаханамен бірлесіп, «Өнеріміз саған – Қазақстан!» атты сазды кеш өткіздік. 30 жыл ішінде біздің кішкентай ғана ауылда орналасқан Мәдениет үйі де көптеген өзгерістерге ұшырады. Араға 29 жыл салып, өткен жылы мәдени ошақтың ғимараты жаңартылды.
Бүгінде мұнда ашылған үйірмелерге балалар қатысып, бос уақыттарын тиімді өткізіп, өнер мен білімдерін одан әрі шыңдап жүр. Тәуелсіздікке арналған шараға да осы үйірмелерге барып жүрген өнерлі балалар қатысты. Тағылымы мол шараның барысында би биленіп, домбырамен күй орындалып, әдемі ән де шырқалды. Сонымен қатар, бұл кешке аз уақыттың ішінде жақсы жетістіктерге жетіп жүрген «Диар» би студиясы, түрлі халықаралық, республикалық конкурстар жеңімпаздары Айдана Нұрланова пен «Азарт» би тобы қатысты. Олар бұл басқосуда өз өнерлерін көрсетті. Оған қоса жақында құрылған «Серпін» домбырашылар тобы күмбірлете күйлерін шертіп, өнерлерімен көпшілікті тәнті етті. Ал, сазды кешті Қайықбай Ерғазы жоғарғы деңгейде жүргізіп шықты.
Лаура ХАБУЛОВА,
Береке ауылдық Мәдениет үйінің қызметкері.