Биыл ауданымыздың тумасы, қазақ өнерінде есімін алтын әріппен жазып қалдырған ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың туғанына 93 жыл толады. Осы ретте таяуда, аудандық Мәдениет үйінің ғимаратында орналасқан «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында, жыр жүйрігінің өмірі мен ән әлеміне сіңірген еңбегін дәріптеу мақсатында дөңгелек үстел өтті.
«Nur Otan» пар-тиясының «Өзге-рістер жолы. Әр азаматқа лайықты өмір!» атты жобасы аясында Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен шарада ақынның еңбектері, әркездегі фотосуреттері, ол жайлы басқа авторлардың жазған кітаптарын тамашалау және де арнайы шақырылған қонақтардың танымал тұлға төңірегінде өрбіткен әңгімелері арқылы оқушылар ақынның қайталанбас қолтаңбасымен тереңірек танысты.
Басқосудың шымылдығын ашқан аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова алдымен шараны ұйымдастырған жандарға алғысын білдіріп, ұлт өнерінің өрістеуіне өлшеусіз үлес қосып, қазақ жұртын асқақ жырларымен тербеген Нұрсұлтан Әлімқұловтың есімі халқының жадында қалып, оның сөзіне жазылған әндер жүректерді тербетіп келе жатқанын айтып, шығармашылығын әрдайым дәріптеу керек екеніне назар аударды. Келесі сөз кезегін аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы мен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов алып, әртүрлі сезімдерді өлең жолдары арқылы адамдардың жүрегіне терең жеткізетін Әлімқұлов айрықша шығармашылықтың адамы болғандығы туралы әңгімеледі.
Ал, жары Сәуле Зиятқызы өзінің жұбайы жайлы естеліктерімен бөлісіп, оның сөзіне жазылған «Ауылым», «Мойынқұмда», «Қайықта» сияқты бірқатар әңдерді орындады. Дөңгелек үстелге жиналғандар Сәуле апаймен қосылып бірге шырқады. Мерейлі жиынға қатысқан орталық кітапхананың директоры Ұлдархан Өтеева мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ләззәт Әуелбекова ақынның шығармашылығына қатысты бірқатар жайттарға да тоқталды.
Бұл шарада жиналғандар ыстық ықыласпен қабыл алған концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды. Мәдениет үйінің өнерпаздары ақын сөзіне жазылған, бүгінде ретроға айналып, талай үйдің шаңырағында шырқалып, екінің бірі жатқа білетін, танымал «Ауылым», «Қайықта» сияқты әндерді орындады. Мұнан бөлек, шарада ақынның шығармашылығын жақсы көретін Әлімқұлов орта мектебінің оқушылары мерейтой иесіне арнап жазған арнаулары мен оның өз өлеңдерін оқып, жиналғандардың құрмет-қошеметіне бөленді.
Осылайша ақынның өмірі мен шығармашылығынан алынған әдемі естеліктермен өрбіген шара арқылы қарасайлықтар дүниеден өткеніне 40 жылға жуықтаса да, есімі халқының жадында жаңғырып, әндері жүректерді тербетіп келе жатқан біртуар перзентін еске алды, рухына тағзым етті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.