Өткен аптада Алматы қаласында муай тайдан оқушылар арасында ел чемпионаты өтті. 25-30 маусым күндері өткен бұл жарысқа Қазақстанның әр түкпірінен 500-ге жуық спортшылар қатысып, бақтарын сынады. Дүбірлі додада, Жетісудың намысын қорғау үшін, біздің мектебіміздің 10 оқушысы мықтылығын танытты.
Облыстық чемпионаттан сүрінбей өткен бірқатар спортшыларымыз бірінші және екінші айналымдарда қарсыластарына жол беріп қойды. Ал, Себель Ахметова мен Жарас Кеңшілік жартылай финалға дейін жетіп, кола медальді қанжығаларына байлады.
Ақтық сынға шыққан Ясмин Нури мен Елнұр Рустемұлы екінші орынға ие болып, күміс жүлдені қанағат тұтты. Мерейімізді асырған Елнұр Джұмағалиев пен Рауан Чайказанов финалдық кездесуде өзгелерден дара шығып, алтыннан алқа тақты. Осылайша ауылымыздың муай тайшылары Қазақстан чемпионатының алты жүлдесін еншіледі. Алдағы уақытта үздік атанған Елнұр мен Рауан әлемдік додада елдің намысын қорғап, байрақты бәсекеде күш сынайтын болды.
Осындай жас спортшы-ларымыздың биіктен көрінуіне бапкерлердің де сіңірген еңбегі зор деуге болады. Осы ретте шәкірттерін шыңдаудан жалықпайтын ағайынды Бауыржан мен Талғат Баймұхамбетовтерге алғыс білдіреміз. Сонымен қатар, оқушыларымызды қашанда қолдап жүретін аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Серік Қамзановқа, осы бөлімнің маманы Нұрлан Жұмановқа, мектебіміздің басшысы Дархан Сатылғанұлына да ерекше ризашылығымызды білдіреміз.
Ерғали САРМҰРЗАЕВ,
Жамбыл орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.