Еліміз егемендікке қол жеткізіп, азаттығымыз айқындалған соң әр салада талай өзгерістер орын алғаны белгілі. 30 жылдың ішінде Қазақстан әлемнің алпауыт мемлекеттерімен иық тірестіріп, даму сатысында келе жатыр. Сол бір Тәуелсіздік алған жылдардан бері қазығын нықтап қаққан бірқатар мекеме әлі күнге дейін ел игілі жолында қызмет етіп келеді. Олардың біразы біздің ауданда да іргетасын қалады. Солардың ішінде Қаскелең қаласында орналасқан «Сандуғаш» балабақшасы да бар. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен 1 маусым – Халықаралық Балаларды қорғау күні қарсаңында аталмыш білім беру ұйымы жайлы жазуды жөн көрдік.
1992 жылы салынған «Сандуғаш» балабақшасы алғашында алты топпен 140 баланы қабылдайтын бөбекжай болған. Дәл осы жылдары жұмысын бастаған бұл мекеме Қаскелең қаласының Сенная көшесінде орналасқан. Ал, 1996 жылы Ұябаев көшесіндегі 75 орындық «Аққайың» деп аталатын ғимаратқа көшірілді. Мұнда сол кезде үш топ қана жұмыс істеп тұрды.
1997 жылы балабақшада тағы да өзгерістер орын алды. Олар толығымен Т.Бокин көшесі, 68 үйде орналасқан «Звездочка» балабақшасымен біріктіріліп, бір орыс және екі қазақ тобы болып жұмысын жалғастырды. Бүлдіршіндердің ыстық ұясын 1992-2017 жылдары аралығында Жанат Бағандықова басқарды. 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін балабақшаның меңгерушісі міндетін Меруерт Бигелдиева атқарып келеді.
2019 жылдан бастап «Сандуғаш» балабақшасы КМҚК атауынан «Сандуғаш» бөбекжай-балабақшасы КМҚК (коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын) болып өзгертілді. Бүгінде мекеме 2-6 жас аралығындағы балаларды қабылдайды. Мұндағы тәрбие беретін 6 топта 140 бала білім алады. Мекеменің басшылық қызметін атқарып отырған Меруерт Махаббатқызы ұйымдастыру шеберлігі мен біліктілігінің арқасында балабақшаны жақсы жағынан жандандыруда. Ол жас та болса еңбекқорлығымен ұжымды өрге сүйреп, бала тәрбиесіне қатысты жаңашыл бастамаға қашанда себепші болып келеді.
Әрдайым балалардың қауіпсіздігін ойлап, сапалы білім мен саналы тәрбие беруді мақсат ететін бұл ұйымда 38 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 21-і педагогтық міндетті атқаратынын да айта кеткен жөн. Балабақшада балалардың қауіпсіздігін сақтау, денсаулықтарын нығайту, саламатты өмір салтына бейімдеу – басты назарда. Сонымен қатар, тәрбиеленушілердің біліктілігі арқылы оларға ұлттық құндылықтардың маңыздылығы түсіндіріліп, бүлдіршіндердің білімді болуына барлық жағдай жасалады. Заманауи талапқа сай оқу құралдары, ойын алаңдары сияқты баланың зейінін арттыратын қажетті жабдықтар да қарастырылған.
Қарасай ауданының тарихында мемлекеттік тілдегі ең алғашқы мектепке дейінгі ұйым болып табылатын «Сандуғаш» бөбекжай-балабақшасының бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері жетерлік. Атап айтар болсақ, «Оқу жоспарының вариативтік бөлігіне арналған үздік авторлық бағдарлама» атты облыстық, республикалық конкурстарда үздіктердің қатарынан көрінген. Аудан ішінде 2018 жылы «Үздік балабақша» байқауында І орынды иеленсе, облыс бойынша дәл осы додада ІІІ орынды қанжығасына байлаған. Республикалық «Үркер» зияткерлік орталығының кубогын де алған. Бұл аталғандар мекеменің негізгі жетістіктердің бірі деуге болады. Жалпы айтқанда, 2017 жылдан бері балабақшаның қоржынында 5 кубок, 3 медаль, педагогтардың 30-дан астам, тәрбиеленушілердің 100-ден астам Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары, Дипломдары бар.
Тәуелсіздік жылдарынан бері еңбек етіп келе жатқан «Сандуғаш» бөбекжай-балабақшасының жай-күйі, міне, осындай. Ауыз толтырып айтатын ұжымның ерен еңбегі мен табандылықпен жеткен жетістіктері ерекше. Соның арқасында білім беру ұйымының абыройы асқақ, беделі биік.
Жұмыстары одан әрі жанданып, бала тәрбиелеу жолындағы істері оңынан бола берсін дегіміз келеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.