25 мамырда еліміз бойынша мектептерде соңғы қоңырау соғылып, 9 және 11 сыныпты бітірген түлектер алтын ұясымен қоштасты. Ал, басқа сыныптың оқушылары үшін тағы бір оқу жылы аяқталды.
Осы ретте айта кету керек, мамыр айының 26-нан маусым айының 19-на дейін, онлайн оқу барысындағы олқылықты түзеу мақсатында, кейбір сыныптарда ата-аналардың қалауымен дәстүрлі форматта қосымша білім алу мүмкіндігі қарастырылды. Оқу жүйесіндегі мұндай өзгерістер біздің ауданда да жалғасатынын айта кеткен жөн.
Қарасай ауданындағы түлектердің соңғы қоңырау мерекесі дәстүрлі түрде ұйымдастырылды. Ауданға қарасты 48 мектепте салтанатты жиын санитарлық талаптың қатаң сақталуымен өткізілді. Мерекелік басқосуға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен ардагер ұстаздар, ата-аналар арнайы шақырылды. Олар түлектерге деген ақ тілектерін арнап, болашақтарына сәт сапар тіледі.
Сондай мерекелік шаралардың бірі Қаскелең қаласындағы Абай атындағы орта мектеп-гимназиясында өтті (суретте). Мұнда 108 түлек алтын ұясымен қоштасты. Соның ішінде 102-сі ҰБТ-да бақтарын сынамақ. Ал, мектеп бітірушілердің 9-ы «Алтын белгіге» лайық деп танылыпты.
Жалпы, биыл аудан бойынша 2322 оқушы мектеп бітірді. 120 түлек «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер екенін айта кеткен жөн. Ал, 2007 оқушы ҰБТ тапсыруға ниетті.
Бітіруші түлектердің барлығына сәттілік тілейміз! Сынақтан сүрінбей, білім бәйгесінде биіктерден көріне берсін, дегіміз келеді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.