21 мамыр – еліміздегі Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Елдің рухани дамуы мен кемелденуі үшін ең маңыздысы мәдениет саласы екені мәлім. Құлақтан кіріп, бойды алар тәтті әуен мен күмбірлеген күй, әуезді әуенмен үйлесім тапқан ырғақты би, рухани байлық сыйлайтын театр, кітапхана бәрі де осы мәдениет ұғымы аясында бірігіп, елге қызмет етіп келеді. Қазақылығы бұзылмаған біздің ауданның мәдени саласы бүгінде облыстың алды болып, руханияттың үлгісіне айналып отырғаны мәлім. Осы орайда атаулы мереке қарсаңында ауданымызда өтетін түрлі деңгейдегі мәдени шараларды жіті қадағалайтын, осы саланың өсіп-өркендеуіне, дамуына тікелей жауапты аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсеновамен аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Күлжан Әділханқызы, мәдениет пен өнердің де адам өмірінде алар орны айрықша ғой. Осыған орай алдымен ауданның мәдениет саласының қазіргі жалпы жағдайы туралы айтып берсеңіз.
– Қарасай жерінің мәдениеті мәйекті, өнері өрісті деп анық айта аламыз. Бұлай деуге толық негіз бар. Ауданның мәдени саласын көтеруде аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың тарапынан көптеген қамқорлықтар көрсетіліп жатқанын баса айта кеткім келеді. Сонымен қатар, ансамбль, театрдың жалпы ауданымыздағы өнер мен мәдениеттің дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан меценат атанған ел ағаларына өз атымнан алғысымды білдіргім келеді. Өйткені, қай жерде де елдің бет-бейнесі оның мәдениеті мен экономикасына байланысты Бүгінде жоғары деңгейде қолдау білдірілуінің арқасында барлық мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жүргізу, музыкалық аспаптар, ұлттық киімдер, сахна безендіру, тағы басқа да керекті заттарды алу сынды мәселелер оң шешімін табуда. Осыған сай Қарасай ауданының мәдени өмірі, өзге аудандармен салыстырғанда көш басында. Қазіргі таңда бізде бір аудандық және төрт ауылдық округтерде орналасқан Мәдениет үйлері ел игілігіне қызмет етсе, бір аудандық, бір қалалық, бір балалар және 9 ауылдық кітапханалар жұмыс істейді. Алдағы жылы қамқорлықтар мен қолдаулар жалғаса беретін болса, қажетті мәселелер де оң шешімін табады деген сенімдемін.
– Аудан әкімінің орынбасары ретінде тағайындалғаннан бері атқарылған барлық жұмыстар көз алдыңызда. Осы ретте өткен және үстіміздегі жылдың басты мәдени жетістіктеріне тоқтала кетсеңіз.
– Әрине, өңіріміз өнер мен мәдениеттің ордасы екені белгілі. Оған дәлел ауданымыз 2020 жылдағы көрсеткішке сай облыс бойынша 16 аудан 2 қаладағы кітапханалар мен музейлер арасында бірінші орында тұрса, ал, мәдениет саласы бойынша екінші орынды еншілеген. Оған қоса, «Үшқоңыр» этно-фольклорлық ансамблінің директоры Динара Маметекова, аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Еркін Рахимов және хор жетекшісі Қалбибі Абдуллаева Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен наградталып, абыройлары артты. Облыс, республикадан да шет қалғанымыз жоқ. Мәселен, облыстық «Жетісу жұлдызы – 2020» байқауында Қалбибі Абдуллаеваның шәкірті бірінші орынды иеленсе, ал, Шәрбану Қалиеваның шәкірті бас жүлдені қанжығасына байлаған. Өткен жылы «Анаға құрмет» музейі облыс бойынша музейлер арасында «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» атанып, облыс әкімі Амандық Баталов қызметтік көліктің кілтін тапсырған болатын. Биылғы жылғы мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Көкшетау қаласында өткізіліп жатқан «Рухани қазына – 2021» республикалық байқауына аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы мен аудандық балалар кітапханасының қызметкері Татьяна Гончаренко марапаттар тізіміне енгізілді. Ал, айтулы күннің аясында Қолғанат Есмаханов пен Мақпал Жарқетерова «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне, «Батыр бабалар» музейінің меңгерушісі Орынбасар Әлім облыс бойынша «Үздік мәдениет қызметкері» атағына лайық деп танылған. Бұл мақтануға тұрарлықтай үлкен жетістіктерді осы салада істейтін қызметкерлердің елеулі еңбектерінің нәтижесі дер едім.
– Өткен жылы қандай мәдени мекемелер салынды немесе оларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді? Алдағы уақытта қай нысандарды ретке келтіру жоспарлануда?
– Өткен жылы бірқатар нысандар ел игіліне қызмет етуге берілді. Оның ішінде ерекше атап өтетінім, сонау 70-ші жылдардың соңында салынып, соңғы 28 жылда бос тұрған, биыл «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қайта жөндеу жұмыстарынан өтіп, жаңарып, жаңғырған Береке ауылындағы Мәдениет үйі. Оның жалпы аумағы 2000 шаршы метрді құрап, 200 адамға лайықты етіліп тұрғызылған. Айта кетерлігі құрылысына 726 миллион теңге бөлінген бұл мәдениет орталығының қайта өндеу жұмыстары 8 айда аяқталды. Сонымен қатар, Шамалған ауылындағы Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимараты жаңа реңкке енді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Анаға құрмет» музейіннің жанынан салынған галерея да осы жылы қолданысқа берілді. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен, жаңадан бой көтерген нысанның ауқымы 1034 шаршы метрді алып жатыр. Ал, Айгүл Кенжебекова, Жәния Әубәкірова, Бақытжан Бұхарбай, Лаура Жақсыбаева сынды мәдениет және қоғам қайраткерлерінің атсалысуымен Жандосов ауылында «Оқырмандар ауылы» деп аталатын кітапхана ашылмақ. Жекеменшіктегі дүкеннің ғимаратын 18 миллион теңгеге сатып алған меценаттар, оның қорына 30 мыңға жуық кітап жинақтап үлгерген. Қазіргі таңда ол кітапхананы мемлекет иелігіне тапсыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Осы ретте келешек ұрпақтың қамын ойлап, игілікті іс атқарып жатқан қайырымды жандарға өз атымнан алғысымды білдіргім келеді. Сонымен қатар, биылғы жылы Жандосов және Бірінші Май ауылдық округтеріне Мәдениет үйін салу бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып жатыр. Биыл жоба бекітілсе, келесі жылы құрылысы басталады деген жоспар қойып отырмыз.
– Пандемия кезіндегі талаптар мен шектеулер мәдениет саласына қаншалықты әсер етті? Жалпы қазір онлайн жұмыстар қандай деңгейде атқарылып жатыр?
Тізбелей берсек, мақтанатын жеңістер мен марқаятын жетістіктер өте көп. Еліміздегі қиын жағдайға қарамастан аудан өнерпаздары барлық мүмкіндікті толықтай пайдаланып, халықтың көңілін серпілтуде аянып қалмауда. Атаулы даталар мен мемлекеттік мерекелер де ұмыт қалмай, қашықтан әлеуметтік желілер арқылы қарасайлықтар әсем ән мен көздің жауын алар би қойылымдарын тамашалады. Мәселен, өнерпаздар бұрын тек бір сағаттық концертке ғана дайындық жасайтын болса, қазір әлеуметтік желіге жүктейтін болған соң оның уақытын қысқартуға тура келеді. Барша әлемді қатты қысқан бұл дертке расымен Мәдениет саласы да дайын болмады. Десе де, біз тоқтап қалмай техникалық базамызды толықтырып, қосымша штатқа қызметкерлер алып, жұмысымызды одан әрі жандандырдық. Жүйелі жұмыстарымызды әлі де жалғастырып келеміз.
– Сіздің ауданымыздың 90 жылдығы қарсаңында өз жұмысын бастаған «Қарасай жастары» театрының құрылуына үлкен үлес қосқаныңызды білеміз. Аталған театрдың қоржындары жаңа сахналық қойылымдармен толықты ма, актерлер құрамы өзгерді ме? Олар қай кезде көрермендер назарына жаңа туындыны ұсынуды жоспарлап отыр?
–«Қарасай жастары» театрының ашылу кезеңіне көз жүгіртсек, театр 2018 жылы ақпан айында Қарасай аудандық мәдениет үйінің жанынан «Қарасай жастары» театры болып құрылып, өз жұмыстарын бастаған болатын. Театр аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылғандықтан декорациялар, кейіпкерлер киімі мәдениет үйі және демеушілер тарапынан шешіліп жүрді. Ал, 2020 жылы облыс орталығы Талдықорғанда біздің «Қарасай жастары» театры да, халықтық атауына лайықты деп танылу үшін қойылым қойып, театр қызметкерлері үшін екі штатты қорғап қалдық. Бұл ретте, әрине, режиссерлік қырынан танылған Бағлан Қалмановты да ерекше атаған жөн. Қазіргі елдегі ахауалға байланысты аталған ұжым үшін гастрольдік сапарлар уақытша тоқтатылды. Дегенмен, театр қашықтан қойылымдары арқылы көрермендерін қуантуда. Ал, актерлік құрамның 90% пайызы өзгеріссіз қалды.
– Өткен жылы «Үшқоңыр» этно-фольклорлық ансамблі өз алдына жеке мекеме болып құрылған еді. Түрлі мерекелік шаралардың көркін қыздырып, халыққа жақсы көңіл-күй сыйлап жүрген аудандағы ең атақты ансамбльдің қазіргі жай-күйі қандай?
– Иә, расымен 2020 жылы 21 сәуірдегі Қарасай ауданыны әкімінің №159 қаулысына сәйкес «Қарасай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Қарасай ауданы әкімдігінің «Үшқоңыр фольклорлы-этнографиялық ансамблі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып 42 штаттық бірлікпен құрылды. Қазіргі таңда өнер ұжымын ҚР Мәдениет саласының үздігі Динара Маметекова басқарады. Ансамбльдің барлық мүшелері облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары екені белгілі. Аудандағы барлық іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысуымен қатар, ұжымның жекелей өнерпаздары өз шығармашылықтарын дамытуда. 2020-2021 жылдары ансамблдің әнші-биші, күйшілерінің жеті бейнебаяны түсіріліп, халық назарына ұсынылды. Ансамбльдің өткен жылы 5 жылдық мерейтойына орай, кітап және авторлық альбомы жарық көрді. Бүгінгі таңда өнер ұжымының репертуарында 100-ден аса ән, 50-ден аса күй, сегіз би бар.
– Кезінде барлық аудандарда ардагерлер хоры бар болған. Қазір бізде осындай хор бар ма? Егер болса ол үйірмелерге кімдер жетекшілік етеді?
–Қарттарын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік болатыны әмбеген аян. Халқымыз қашанда қазыналы қартын құрметтеп, оларды өскелең ұрпаққа ұлағат етіп ұлықтаудан жалыққан емес. Мінекей, осындай игі іске негізделіп ардақты қарияларымыздың басын қосқан ардагерлер хоры біздің ауданда да жұмыс істейді. Білгенін жастарға үйретіп, әдемі кештерде әу деп ән салатын аяулы әжелерден құралған әжелер ансамбліміз тағы бар. Қазіргі кездегі санитарлық талаптарға негізделген шектеулерге байланысты 65 жастан асқан жандардың қоғамдық орындарға көп бармауын ұсынылады. Сондықтан біз мына дерт толықтай елімізден шығып кетпейінше ата-апаларымызды көп мазаламаймыз деп шештік. Аталған ұжымдарға Қалбибі Абдуллаева жетекшілік етеді.
– Келер жылы мәдениет саласынан қандай тың жаңалықтар күтуге болады?
– Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан күтеріміз көп. Мәдениет халықтың ой-өрісінің өсуіне қызмет етуі үшін, ең алдымен, оның нысандары талапқа сай болуы, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуі, ақыр соңында ақ отаудай жұтынып тұруы керек. Сонда ғана халыққа жасаған мәдени жұмыстардың нәтижесі көрінеді. Бұдан өзге жас таланттарды тауып, оларға өнерде жол ашу біздің басты мақсаттарымыздың бірі.
– Әңгімеңізге көп рахмет, Сізді және барлық мәдениет және өнер қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаймыз!
Сұхбатты жүргізген Бұрым ОРЫНБАСАР.