Халқымыз өткеннен қалған тарихи өнеге арқылы кішкентай балалардың патриоттық сезімін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуде. Осы мақсатты негізге алған ауданымызға қарасты Ұмтыл ауылдық округінде орналасқан «Әсер» балабақшасы тәрбиеленушілердің білімге, жеңіске деген ыңтасын көтеріп, әрі еліміздегі мерекелерді атап өту мақсатында әртүрлі іс-шаралар мен байқаулар жиі ұйымдастырып тұрады. Өткен аптада да аталмыш балабақша бүлдіршіндер арасында конкурс өткізіп, олардың өнерлерін бағалады.
Биыл тарихы бай, тамыры терең қазақ халқы еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлауда. Дербестігіміздің берік негізінің айғағы болып саналатын мейрамды Ұмтыл округіндегі «Әсер» балабақшасы да атап өтті. Нақтырақ айтқанда, өткен аптаның жұмасы күні аталмыш балабақша тәрбиеленушілері арасында байқау өткізілді.
– Ағымды жылы тұғыры биік еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Осы ретте барлық білім беру ұйымында атаулы мереке жаппай тойланып жатыр. Біздің балабақшамыз да бүгінгі іс-шараны өткізуді жөн көрді. Бұл біздің Тәуелсіздікке қосқан үлесіміз болмақ, – деді балабақшаның директоры Алмагүл Абдулқызы.
Конкурс барысында алдымен Айсұлу Джалгабаеваның тәрбиеленушілері «Родничок» тобының бүлдіршіндері Ұлы Жеңіске арналған өлең жолдарын оқып, жарысты. Ал, екінші кезеңде Гүлнұр Омарованың «Балдырған» тобының балалары туған жер, Қазақстан жайлы өлең шумақтарын оқыды. Байқаудың үшінші және төртінші айналымдарында Ізігүл Жұмабекқызының «Балдәурені» мен Елена Варабаеваның «Лучики» бүлдіршіндері ана тілі, білім, туған жер сияқты тақырыптардағы танымал ақындардың өлеңдерінен үзінділер оқыды. Әртүрлі әдемі кейіптегі киімдер киген кішкентай бүлдіршіндердің өнерлерін шараға қазылар алқасының мүшелері ретінде қатысқан Ұмтыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Елтай Хасенов, аталмыш балабақшаның директоры Алмагүл Абдулқызы мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі бағалады. Жалпы бұл сайыста комиссия мүшелері балалардың өлең жолдарын қалай оқитындықтарын, олардың дикциясын, дыбыстарының анықтылығын, мәнерлеп оқуы керек образға кірулерін бағалады.
– Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек ешқашан қателеспейміз. Барлық білімнің бастауы – балабақшада. Мен осы балабақшаның басшысы Алмагүл қызымды біраз жылдар білемін. Сол уақыттан бері ол әрдайым осындай қызықты әрі танымды іс-шаралар өткізіп, біз сиқты үлкендерді көрермен немесе қазылар мүшесі ретінде шақырып отырады. Оның осындай бастамаларын дұрыс деп санаймын сондықтан да әрқашан қолдаймын. Себебі, бұл ең бірінші кезекте еліміздің болашағы біздің кішкентай бүлдіршіндеріміздің білімін, логикасын жақсарту үшін жақсы мүмкіндік, – дейді Елтай Хасенов.
Байқау тәмамдалғаннан кейін округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы әр топтағы балалардың кейбір кемшіліктері жайында ескертулер жасай отырып, оларға өз өнерлерін көрсеткендері үшін алғысын білдірді.
Мұнан кейін ол балабақша директорымен бірге көрермендердің көңілін көтерген жеңімпаздар мен қатысушыларға округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы балалардың өнерлеріне тәнті болғанын айтып, оларды грамоталар мен әртүрлі сыйлықтармен марапаттады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.