Бүгінгі таңда әлемді жайлаған коронавирус індетімен күресетін жалғыз жол – екпе салу. Оны осы саланың білікті мамандары дәлелдеп, сырқаттан сақтанудың бірден-бірі амалы – вакцина қабылдау екенін түсіндіруде. Бұл жауапты қадамға өз еркімен барып жатқан азаматтар жетерлік. Олардың ішінде қарасайлықтар да аз емес.
Қоғамның қауіпсіздігі мен жақындарының амандығына алаңдаған Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев та өткен аптада екпе алды. Аудандық көпсалалы аурухана арнайы барған аудан басшысымен оның отбасы мүшелері және бірқатар әріптестері де бірге келіп, «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V) вакцинасының І-компонентін қабылдады. Екпе алу барысында олардың денсаулықтарына зиян келетіндей кері әсерлер байқалмады.
– COVID-19 індетіне қарсы тұру мақсатында ерікті түрде екпе алуды жөн санадым. Біз осындай батыл қадам жасау арқылы пандемиямен күресе аламыз деп ойлаймын. Сондықтан жерлестеріме айтарым, екпе алу арқылы жақындарыңызды қорғаңыздар. Бір-бірлеріңізге қолдау білдіріп, бұл індеттен мүмкіндігінше тез арада құтылуға атсалысыңыздар, – деді аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы екпе алу кезінде.
Өз тілшіміз.