Қазақстанның тәуелсіз ел болғанына биыл – 30 жыл. Азаттық ақ таңының арайлап атуы, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы, бейбіт өмірдің жалғасуы – басымыздың баянды бағы. Осы бір теңдессіз сый сонау 1991 жылы дүние есігін ашқан тәуелсіздіктің төл құрдастарымен бірге құндылығын еш жоғалтқан емес.
Сол кезеңдерде өмірге келгендер бүгінде 30 жасқа толуда. Осындай орда бұзар шаққа келгендердің қатарында Қарасай аудандық көпсалалы аурухана басшысының ұйымдастыру-әдістемелік ісі бойынша орынбасары Руслан Куккузов та бар. Егемендіктің мерейтойы аясында жас дәрігер жайлы әңгіме өрбітсек дейміз.
Қарапайым отбасынан шыққан Руслан Ерланұлы – осы әулетте медицина жолын қуған жалғыз өзі. Райымбек ауданы, Нарынқол ауылының тумасы ол – ағасы Жасұлан мен әпкесі Фаридадан кейін дүниеге келген үйдің кенжесі. Әкесі Ерлан мен анасы Жұмагүл – үй шаруасындағы, ауылдағы тынымсыз тіршілікпен айналысатын адамдар.
Руслан бала кезінен нағашы ағасы Нұрхалыққа қатты жақын болып, қасынан бір елі қалмаған. Алғаш мектеп табалдырығын да осы нағашы ағасы тұратын ауылда аттаған. Бұл Қ.Шорманов атындағы білім ұясы болатын. Мұнда оқушы Руслан 8-ші сыныпқа дейін оқыды. Кейін анасының сырқаттанғанын естіп, қасында табылу үшін туған ауылына оралып, қалған білімін Б.Соқпақбаев атындағы орта мектепте жалғастырды. Осы жерден 2009 жылдың түлегі атанып, ҰБТ-дан жоғары баллдардың бірін жинап, елімізге белгілі С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне грантқа оқуға түсті.
Студент Руслан бұл жоғары оқу орнында 2009-2014 жылдары «жалпы медицина» мамандығы бойынша бакалаврлық білім алды. Ал, 2014-2016 жылдары дәл осы медицина университетінде интернатураны аяқтап, «жалпы тәжірибелік дәрігер» мамандығын игерді.
Руслан Ерланұлының дәрігерлік мамандықты серік етуіне өміріндегі елеулі бір оқиға себеп болған. Анығын айтқанда, жоғарыда атап өткен нағашы ағасы Нұрхалықтың ауыр дерттен 39 жасында дүниеден ерте өтуімен байланысты. Жастайынан үлгі тұтқан ағасының мезгілсіз ажал құшуы бала Русланға ауыр тиді.
– Нағашы ағам қазіргі таңдағы медицинамен емделгенде, бәлкім, тірі жүрер ме еді? Ол кісі ауруымен арпалысқанда жағдай басқаша болды ғой. Менің осы салада еңбек етуіме осы оқиға себеп болуы да мүмкін, – деп өткен шақты бір еске алды дәрігер Руслан.
Руслан Куккузовтың еңбек жолы университетті аяқтаған соң басталды. 2016 жылы Райымбек аудандық ауруханасына орналасып, мұнда терапия бөлімінде емдеуші дәрігер міндетін бір жыл атқарды. Одан кейін 2017-2019 жылдары аралығында жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде медицина саласындағы біліктілігін шыңдай түсті. Ал, 2019 жылы осы аталмыш ауруханада жауапты қызметке тағайындалып, бас дәрігердің орынбасары болды. Бұл лауазымда 1 жыл 3 ай еңбек етіп, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқара білді.
Дәрігер Русланның Қарасай аудандық көпсалалы ауруханасындағы жұмысы былтыр, қыркүйек айында коронавирус індетінің өршіп тұрған шағында басталды десек артық айтқандық емес. Алғашында статист-дәрігер ретінде қызмет атқарып, екі айдан кейін бас дәрігердің ұйымдастыру-әдістемелік ісі бойынша орынбасары лауазымына тағайындалды. Қазіргі уақытта осы жауапты міндетті абыроймен атқарып келеді.
Әріптестеріне сыйлы, жұмысына жауапты Руслан Еркінұлы өзінің тәуелсіздіктің құрдасы болғанын мақтан етеді. Әңгіме барысында егеменді ел болудың қаншалықты қастерлі, қасиетті екенін бір ауыз сөзбен жеткізе кетті.
– Тәуелсіз ел болу – асқан байлық. Айбыны асқақ атамекенің, ұлан-байтақ жерің, мемлекеттік тілің болғаннан асқан бақыт жоқ шығар. Әлемде қаншама ұлттар бар! Кейбірінің, тіпті, ортақ Отаны жоқ. Олардың қасында біз әлдеқайда алға озған мемлекеттердің қатарындамыз деп білемін. Өйткені, азат ел болып, өркениеті қалыптасқан елдермен иық тірестіре қатар дамып келеміз. Мен өз елімді мақтан етемін! – деп ойын түйіндеді патриот Руслан Куккузов.
Жас дәрігердің алға қойған мақсат-міндеттері айқын. Оның қазіргі бар ойлайтыны – індеттің құрсауынан халықты аман алып қалу. Осы жолда күн демей, түн демей табандылық танутадан шаршаған емес. Қанша дегенмен денсаулықтың сақшысы ғой. Түсінеміз. Адам өміріне араша болып жүрген азаматқа тек қана жақсылық тілейміз! Тәуелсіздіктің төл құрдасы болып, егеменді елмен өсіп-өркендей бер, дегіміз келеді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.