Дәрігерлер коронавирус инфекциясының таралуын тежеудің бір ғана жолын ұсынып отыр. Бұл – вакциналау. Мен де бұл іске азаматтық борышпен қарап, екпе алуды шештім. Негізінде, бір нәрсені білген жөн. Вакцина емдемейді, ол аурудан қорғайды. Қабылдаған күні, дәрігерлер ескерткендей дене қызуым кішкене көтеріліп, мазасыздандым. Алайда, бұл жағдай көпке де созылмады. Медбике айтқан дәріні ішкеннен кейін, шамамен 2-3 сағатта көңіл күйім, дене қызуым өз қалпына келді. Үстіміздегі айдың 26-нда екінші екпені қабылдайтын боламын.
Жалпы, коронавирусқа қарсы вакцина қаншалықты сенімді деген сұрақ мені де айналып өткен жоқ. Алайда, мемлекет тізгінін ұстағандардың өздері алғашқы болып алғаны көп адамға сенім ұялатты. Сондай-ақ, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бұл індетті тек вакцинамен жеңеміз.
Айта кеткен жөн, отбасым, ата-анам да вакцина қабылдады. Қазір барлығының жағдайы бірқалыпты. Елімізде вакцина алу – тегін, сондай-ақ, қабылдау міндетті түрде емес, өз қалауыңмен. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бұл қиын жағдайдан шығатын жолды іздейік, ағайын!
Жарқын ҚАТУБАЕВ,
Әйтей ауылдық округінің әкімі.