12 сәуір – адамзаттың ғарышты бағындырған күні ретінде тарихта қалғаны баршаға мәлім. Осы керемет сәт қазақ жерінде – «Байқоңыр» ғарыш айлағында тіркелгендіктен, атаулы күннің Қазақстан үшін де маңызы зор. Адамзаттың соңғы алпыс жылда жеткен ең үлкен жетістігіне орай «Апорт» сауда орталығы, Ресейдің «Роскосмос» ғарыш қызметі жөніндегі мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп, «Гагарин! Ғарышқа адамның алғашқы ұшқанына 60 жыл» атты көрме ұйымдастырды.
Осыдан 60 жыл бұрын әлем тарихында жаңа дәуір басталды. Нақтырақ айтқанда, 1961 жылы алғаш рет адам баласы ғарышқа ұшып, дамудың жаңа сатысына аяқ басты. Сол сәттен бастап ғылыми-техникалық революцияға ерекше серпін беріліп, спутниктік телевизия, интернет, ауа райын бақылау, бағдарлау секілді заманауи өмірдің игіліктеріне жол ашылған болатын. Тарих қойнауында барша әлем үшін үлкен жетістіктердің бірі болып қалған сәттен бері биыл, міне, 60 жыл өтті. Осы бір маңызды датаға байланысты аптаның дүйсенбі күні ауданымыздағы молл «Апорт» ойын-сауық сауда орталығы, Ресейдің «Роскосмос» ғарыш қызметі жөніндегі мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп, «Гагарин! Ғарышқа адамның алғашқы ұшқанына 60 жыл» атты көрме ұйымдастырды.
– Біз бұл шараны ең бірінші кезекте адамдарға, әсіресе, жас ұрпаққа тартылыс заңын жеңіп, аңызға айналған ғарышкерлердің сапары туралы әңгімелеп, ғарышты игеруге олардың қосқан үлестері жайлы кеңінен айту мақсатында ұйымдастырдық. Сондай-ақ, бүгінде, өкінішке орай, Байқоңыр десең адамдардың көбі ракеталар ұшатын алаң екен деп ойлады. Бірақ, Байқоңыр деген аумағы үлкен қала ғой. Мына шарамызды біз әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы жайлы және де ғарыш әлеміне жасалған алғашқы қадамдар жайлы ақпарат беру арқылы жастарды осы салаға тарту мақсатында өткіздік, – дейді молл «Апорт» ойын-сауық сауда орталығының маркетолыгы Сергей Стрелков.
Жалпы көрме үш бөлімнен тұрды. Әр бөлімнен қария тарихтың шежіресі сыр шертеді. Айталық, алғашқы бөлімде қазақ жеріндегі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан әуе кеңістігіне аттанған адамзат баласының арасынан шыққан тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин туралы, ұшқан кезінде жазылған хабарламаның нұсқасы, Гагариннің қолтаңбасы ұсынылды. Сондай-ақ, алғаш жердің орбитасын айналып ұшқан «Восток-1» кораблінің суреттері мен ол жайлы ақпарат көрсетілген. Бұл материалдардың барлығы «Роскосмос» ғарыш қызметі жөніндегі мемлекеттік корпорациясының мұрағатынан алынған.
Экспозицияның екінші бөлігінен Сергей Кудь-Сверчков, Иван Тимошенко сияқты фотографтар түсірген бүгінде жасалып жатқан заманауи ракеталардың суреттерін көруге болады.
Үшінші бөлім қазақтан шыққан ғарышкерлер – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетовтың ғарышқа сапар жасаған «Байқоңыр» ғарыш алаңы жайлы ақпарат ұсынылған.
Қорыта келгенде, бас-аяғы жинақы көрмеде келушілер ғарыш әлемі мен ғарышкерлер туралы тың мағлұматтармен танысты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.