Талай қайырымды істердің басы-қасында жүріп, имандылық жолымен кейінгі ұрпаққа үлгі бола білген Сейітқали Ыбытаевты көшеден көрген адам бірден таниды. Өйткені, ақылшы ақсақал бірқатар отандық телеарналардағы танымдық бағдарламалар арқылы жастарға өнегелі өсиеттерін айтып, ислам құндылықтарын дәріптеумен келеді.
Сейітқали Есімбекұлы – діндар адам. Бүгінгі таңда да осы жолда қызмет атқарып келеді. 1993-1996 жылдары аралығында Шамалған ауылындағы мешітте де имам болды.
Қариямыз талай игі іске атсалысып, мұқтаж жандарға қол ұшын созумен қатар, Қарасай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына да өз үлесін қосып келеді. Сейітқали атамыздың аудан үшін атқарған ерен еңбегі бағаланып, оған «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Мерейлі марапатты Рамазан айының алғашқы күнінде аудан әкімі Жандарбек Далабаев арнайы табыстап, төсбелгісін кеудесіне тақты. Аудан басшысы ақсақалға деген ақ тілегін айтып, Қарасай жері үшін атқарып жатқан істеріне ризашылығын білдірді.
Санитарлық талапқа сай өткізілген жиынға ауданның бірқатар мәслихат депутаттары да қатысып, марапат иесіне ізгі лебіздерін жеткізді.
Өз тілшіміз.