Елтай ауылдық округі де бүгінде көркейіп, гүлденіп келе жатқан елді аймақтың бірі. Халықтың жағдайын жақсарту мақсатында көптеген ауқымды жұмыстар іске асырылуда. 1983 жылы құрылған аталған ауылдық округте 17806 тұрғын бар. Аумағына Береке, Елтай, Исаев, Қаратөбе, Жармұхамбет, Көкөзек, Көктоған, Ақсеңгір, 71- разъезд сынды ауылдар кіреді. Жалпы жер көлемі 12418 гектарды алып жатыр.
Бүгінде замана көшінен қалыспаған, береке-бірлігі жарасқан округ тізгінін білікті басшы Бекжан Абжан ұстап келеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың алға қойған келелі міндеттерін жүзеге асыруда аянбай еңбек етіп, ауыл жұртшылығын жүйелі іске жұмылдырып жүрген атқарушы билік өкілі – ауыл әкімі мен оның аппарат қызметкерлерінің тындырып отырған жұмыстары ауқымды, алға қойған міндеттері жүйелі.
Осындай жүзеге асырылған игі істер мен халықтың өтініші негізінде көтерілетін өзекті мәселелер әр жылдың басында аудан әкімінің халық алдында есеп беру кездесуінде айтылатыны белгілі. Биылғы жылы да округке қатысты біраз мәселелер талқыланып, ауқымды жұмыстардың жай-жапсары нақтыланды. Жоспарға сәйкес, атқарылған және алға қойылған жұмыстарды төменде нақтылай айтатын боламыз.
Өткен жыл жағымды жаңалықтармен есте қалды
Өткен жылы Елтай ауылдық округінің аумағында бірқатар істер атқарылып, оған қарасты елді мекен тұрғындарының тұрмысы жақсара түсті. Мәселен, «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында қайта жаңғырған Береке ауылындағы Мәдениет үйі елтайлықтардың игілігі үшін қызмет ететін болады. Өткен ғасырдың 70-жылдары «Жетісу» кеңшарының қаражатына салынған сәнді де салтанатты ғимарат, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары елімізде орын алған қиындықтарға төтеп бара алмай, өз жұмысын тоқтатқан болатын. Сол уақыттан кейін аталған нысан жекеменшіктің иелігінде болғанын айта кеткен жөн. Жергілікті тұрғындардың арнайы өтініші негізінде, өнерпаздардың ордасы біздің аудандық әкімдіктің ұсынысы арқылы Алматы облысы әкімдігінің ықпалымен мемлекеттің иелігіне өтті. Жоспарлы түрде қажетті қаражат игеріліп, бұл ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылдың 11 мамырында басталып, бірінші желтоқсанында аяқталды. Тапсырыс беруші Қарасай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі болса, көлемі 2318,96 шаршы метрді құрайтын мәдени ошақтың қайта жанданып, бой көтеруіне «ПМК-615» ЖШС толығымен жауапты болды. Енді, міне, 28 жылдан кейін қайта жанданған Береке ауылдық Мәдениет үйі рухани-мәдени орталыққа айналды. Бұл нысанның пайдалануға берілуі ұзақ уақыт бойы осы мәселенің шешімін күтіп жүрген Елтай округінің тұрғындары үшін ең үлкен қуаныштың бірі болды.
«Жол қадірін жүрген біледі» демекші, өткен жылы Береке ауылындағы Бейсекбаев және Нұрлыбаев көшелеріне, Елтай ауылындағы Сәт Жылқышев көшесі, Исаев ауылындағы Бұхар жырау және Сүйінбай көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен асфальтталды. Ал, Исаев ауылындағы Абылайхан және Рысқұлов көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Округтегі бірқатар аймақтарда электр желілері де ретке келтірілді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Елтай ауылдық округіндегі тұрғындарды алаңдатқан жарық мәселесін де жүйеге келтіру біртіндеп іске асуда. Олай деп айтуға Береке ауылындағы Бабаев көшесінің жарық бағаналарын толығымен LAD-шамдарға ауысты. Ал, сол ауылдағы Қарасай батыр, Байғабатов, Искаков көшелеріндегі жарық бағаналарының шамдары ретке келтіріліп іске қосылды. Енді ауыл халқы кешкісін серуендеуде, балалар сабақтан қайтатын уақыттарында жарық көшелерде емін-еркін еш алаңсыз жүреді.
Жоғарыда атап көрсеткен жұмыстардың барлығы өткен жылы шешімін тапқан.
Жүйелі жоспар құрылған
Биыл да аталған округтегі байыпты бастамалар жолға қойылып, тыңғылықты істер жалғасын табады. Ағымдағы жылы Қаратөбе мен Көктоған ауылдарында медициналық пункт салу үшін жер телімі бөлініп, құжаттары заңдастырылып, мемлекеттік акт алынды. Қазіргі таңда, құрылыс жұмыстарын бастау үшін қаражаттың бөлінуі күтілуде. Иә, ағымдағы жылға алға қойылған жоспарлардың легі мұнымен аяқталмайды. Округтегі білім мекемелерінің саны артпақ. Анығын айтқанда, Жармұхамбет ауылында биыл 600 орындық жаңа орта мектеп бой көтеретін болады. Аталған білім мекемесінің құрылысына қаржы бөлінуге ұсыныс берілді. Ал, Елтай ауылындағы білім ғимаратының жобалау-сметалық құжаттамасын дайындауды да ағымдағы жылдың екінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
Мұнан бөлек осы жылы инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, ағымдағы жылы заман талабына сай жаңа Елтай ауылдық округі әкімдігі ғимараты құрылысының басталуы жоспарлануда. Нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Жалпы, аталмыш округте аудандағы кәсіпорындардың басым бөлігі орналасқан. Осындай өнеркәсіп орындарының арқасында ауыл халқының көпшілігі мен басқа да округ тұрғындары жұмыспен қамтамасыз етілуде екенін де айта кеткен жөн. Елтай ауылдық округінде биыл қосымша жұмыс орындарының саны тағы артатын болады. Мысалы, Исаев ауылындағы 30 адамды жұмыспен қамтитын «Агро-Финанс» ЖШС-нің көкөністер мен жемістерді сақтауға арналған қоймасы ашылмақ. Мұнай өнімін өңдеумен 2007 жылдан бері айналысатын «АРСЕНАЛ» Холдингтік компания» ЖШС-і 2019 жылы Көкөзек ауылында өндіріс орынын ашқан болатын. Ал, осы жылы тағы қосымша 20 адамға жұмыс орнын ашуға ниетті.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың еншісінде Елтай ауылындағы Тәжібаев, Жармұхамбет ауылындағы Қонаев, Көкөзек ауылындағы Бәйтерек көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Бүгінде балалардың бос уақыттарын тиімді өткізіп, олардың арасында саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында ауданымыздың барлық округтерінде «Work Out» алаңдары ашылуда. Қолжетімді спортқа мүмкіндіктер беретін алаң Береке ауылындағы Бабаев пен Тамабаев көшелерінің қиылысында салынатын болады. «Work Out» алаңымен қатар жанында округ тұрғындарының жақсы демалысы үшін саябақ құрылысының ашылуы да жоспарлануда. Жұмыс жоспарына сәйкес, бұл спорттық жабдықтары бар алаң жергілікті тұрғындардың игілігіне осы жылы берілмек.
Жыл өткен сайын бюджеті еселеніп артып отырған ауданымыздың бір ғана округінде ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар легі осындай. Ал. болашақ еншісіне қойылғаны қаншама! Өркенді істер өзекті мәселелерді шешіп, халықтың тілегі қашанда атқарушы биліктің назарында бола береді.
Әр қазақтың жүрегiнде бойтұмардай жатталған қасиеттi ұғым бар: ол – ауыл. Елтай ауылдық округінің де болашағы жарқын, ертеңі айқын дей аламыз. Егемендік алған жылдармен бірге еңсесін тіктеп келе жатқан ауылдың жақсы жаңалықтары азаймасын!
Бұрым ОРЫНБАСАР.