Азаттығымызды айқындайтын Тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл толуда. Осы кезеңде еліміз талай белестен өтіп, тағылымға толы тарихты қалыптастыра білді. Мерейлі мерекені ұлықтау мақсатында жыл басынан бері талай игі істер қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Ол жағынан Қарасай ауданы да шет қалған емес. Осындай мән-мағынаға толы, өткен күннен сыр шертетін іс-шаралардың бірі кеше «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында ұйымдастырылды. Басты мақсат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы аясында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын дәріптей келе, ондағы негізгі бағыттарды ғалымдардың пікірі арқылы талқылап, жастар арасында кеңінен насихаттау.
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты халықаралық онлайн- конференцияның өтуіне Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыстық жастар ресурстық орталығы ықпал етіп, санитарлық талапқа сай бірқатар тарихшылардың басын қосты. Бұл жиынға Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова мен басқа да қоғам белсенділері, жетісулық жастар, сонымен қатар, онлайн форматта «ZOOM» платформасы арқылы шетелдік ғалымдар да қатысты.
Конференцияны Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Елдар Сапаров ашып, тақырып аясында өзінің алғысөзін айтып, жиынға арнайы келген және қашықтан қатысып отырған бірқатар тарихшы ғалымдарға сөз берді.
Қазақстанның сыртқы саясатының жұмысын жоғары бағалап, елдің тарихын Түркия елінің ғалымы, PhD доктор, Нигде Өмер Халисдемир Университеті Еуразия зерттеулері кафедрасының меңгерушісі Тургай Дүген кеңінен түсіндірді. Бауырлас азамат өз сөзінде еліміз талай дағдарыстан қалай өткенін де айтып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың қуатты Қазақстан қалыптастыру жолындағы ерен еңбектеріне баға берді. Түркиялық ғалымның айтқанын модератор Елдар Сапарұлы да қолдап, ел Тәуелсіздігін алғаш мойындаған Түркиямен халықаралық ынтымақтастық одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
Мемлекет арасындағы достықтың беріктігін тілге тиек еткендердің қатарында қырғызстандық тарих ғылымдарының докторы Назира Құрбанова да болды. Көршілес елдің өкілі қазақ пен қырғыздың бауырластығы жайлы өз ойын айта келе, 30 жыл ішінде Қазақстанның жеткен жетістігіне кеңінен тоқталды.
Бұл жиынға Елбасының сыныптасы Күләш Амирова да арнайы шақырылған еді. Апамыз Нұрсұлтан Әбішұлының бала кездегі ерекше қабілетін сөзіне дәйек етіп, оның мектеп қабырғасында да көшбасшылық қасиеті жоғары болғандығын айтты. Күләш Сабанқұлқызы Тұңғыш Президенттің ел үшін атқарған еңбегі зор әрі оның жемісті жолын жалғастыру жастардың қолында екеніне тоқталды.
Конференцияға арнайы келген және онлайн форматта пікірлерін білдірген қазақстандық ғалымдар да егемен елдің өткені мен сан жылдар бойы атқарылған жұмыстарын кеңінен айтып, тарих арқылы ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу басты міндет екенін жеткізді. Жиын барысында филология ғылымдарының кандидаты, қоғам белсендісі Ербол Тілешев, алаштанушы Заңғар Кәрімхан, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Әуезхан Шашаев және осы ғылым ордасының бөлім меңгерушісі, жетекші ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Жұмаділов, жазушы, әдебиет сыншысы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Елдос Тоқтарбай, Түркиядағы Хитит университеті теология факультетінің магистрі, Нұр-Мүбарак университетінің «Діни экстремизмнің алдын-алу» орталығының директоры Тимур Нүсіпхан сынды ғылым жолында жүрген азаматтар Қазақстанның Тәуелсіздік жолында бағындарған белестері мен қиын-қыстау кезеңдерін сөзбен суреттеп, түрлі деректермен мысал келтірді. Сонымен қатар, рухани жаңғыру жолында жүзеге асып жатқан жобалардың ретіне де тоқталып, сол бағытта атқарылатын ілгері істердің, оның ішінде жастармен жиі жұмыс жасауға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Осылайша, ел Президентінің мақаласы конференция аясында жан-жақты талқыланып, Тәуелсіздіктің құндылықтары, жетістіктері, тарихтан таңба болып қалған оқиғалар еске алынып, 30 жылдық мереке ұлықталды.
Дидар МУХАМАДИЕВ.