Әлем бесігін бір қолымен тербетіп, биязы мінезімен талай белесті бағындырған әйелдер қауымының біздің қоғамда алар орны айрықша. Оның ішінде тағдырдың сынағынан сүрінбей, жігері мұқалмаған, жұдырықтай жүрегімен өмір күресінен тайсалмайтын ерекше нәзік жандыларды айтпасқа тағы болмас.
Иә, оларды «ерекше» деп атау өте орынды. Қоғамда мұндай адамдарды «мүгедек», «мүмкіндігі шектеулі» деген сөздермен сипаттап жататыны жасырын емес. Алайда, өзгелерде табылмас асқақ рухы бар мұндай қайсар жүректілерді «ерекше» деп атаған абзал.
Осындай санаттың қатарында біздің әңгімемізге арқау болатын қарасайлық Диларахан Сайтова да бар. 8 наурыз – Халықаралық аналар мерекесінің қарсаңында қарым-қабілеті мол, нәзік жанды Диларахан Тұрсынбайқызының өмір дерегінен сыр шертіп, өткені мен бүгінін айтсақ дейміз.
1999 жылы Қарақалпақстан елінен қоныс аударған біздің кейіпкерімізде өзгелерде көп кездеспейтін дарындылық бар. Негізгі мамандығы тігінші болғанымен, қаншама қайратты азаматтардың бойынан табыла бермейтін оның спорттық қабілетін жоғары бағалауға болады.
Диларахан Сайтованың мұндай даралығынан бөлек, оның өмірге деген құштарлығы, тіршілік әлеміне деген шексіз сезімі, табыс үшін табандылығы ғана емес, намыс үшін нәзіктік жанқиярлығы да көпке үлгі десек қателеспеспіз. Бес жасында, яғни, сол кездегі дәрігерлердің айтуынша, екпенің салынбауы салдарынан жүйке жүйесі қабынып, бір қол, екі аяқтың жансыздануы оның өміріне үлкен соққы болады. І топтағы мүмкіндігі шектеулі жанның уақыт өте келе түрлі ем-шараның арқасында денсаулығы едәуір қалыпқа келеді.
2002 жылы Қаскелең қаласына келіп, Тәжіғали Ходжамұратов басшылық ететін «Жігер-М» қоғамдық ұйымының белді мүшесіне айналды. Бүгінде осы бірлестіктің атынан талай спорттық жарыстарда бақ сынып, ауданның абыройын асқақтатып жүрген жайы бар. Мәселен, Азия чемпионатында оң және сол қол бойынша армрестлингтен І және ІІ орындарды қанжығасына байлаған. Одан бөлек, былтыр «Мылтық ату» жарысынан да жүлделі орындардан көрінген. Ендігі мақсаты – білектің күшін сынап, алдағы уақытта өтетін Азия чемпионатына қатысу.
Диларахан Тұрсынбайқызы 2005 жылы өмірлік жолдасымен үлкен өмірге қадам басып, аяулы жар атанып, тұрмыс құрады. Бір жылдан кейін бақытты отбасының шаңырағында Жүсіп және Ахмет есімді егіз ұлдар дүниеге келіп, қуаныштары еселене түсті. Перзенттері Алмалыбақтағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын әл-Фараби атындағы гимназияның табалдырығын аттаған. Бүгінгі таңда дәл осындай бағытта білім беретін Талдықорған қаласындағы спорт мектебінде оқуға, спортқа деген қабілеттерін шыңдауда. Екеуі де садақ атуды жандарына серік еткен. Дәл осы спорт түрінен бірі спорт шебері атанса, екіншісі осы дәрежеге үміткер.
«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дегендей, кейіпкеріміз 2013 жылы үй кезегіне тұрып, бірнеше жылдан кейін талай уақыттан бері аңсап күткен баспанасына қол жеткізеді. Оған мемлекеттің тарапынан сатып алу құқығымен жалға берілетін «Асыл арман» ТК-нен бір бөлмелі пәтер бұйырды. Осы жерде ол тігін шеберханасын ашып, бүгінгі таңда жергілікті халыққа қызмет етіп келеді. Әрине, заманның дамуы мен экономиканың тұрақсыздығы кез келген пенденің тұрақты табыс табуына кедерге келтірері анық. Күнкөрістің қамын жақсарту мақсатында Диларахан Тұрсынбайқызы бүгінгі таңда «Қуат» мүгедектер қоғамдық бірлестігінде І топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке көмекшілерімен жұмыс істеп, солардың іс-қағаздарымен айналысады. Бұл жердегі міндетін атқарумен қатар, жоғарыда айтып кеткен тігіншілік қызметін де қатар алып жүр. Демалыс күндері осы шеберханада сүйікті ісімен айналысса, басқа уақыттарда бұл тігіншілік өнерді көмекшісі атқарады. Былайша айтқанда, шағын бизнестің иесі бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұны да оның өзге жандарға деген қамқорлығының бір белгісі деуге болады. Ендігі жоспары – шеберхананың ауқымын кеңейтіп, оны заманауи талапта жаңғыртып, халыққа қолжетімді бағада қызмет ұсыну. Осы бағытта бизнестің қыр-сырын меңгерудің алғашқы қадамдарын да жасап келеді.
Іскер Дилараханның асқақ арманының тағы бірі – кең бөлмелі баспаналы болу. Оған қол жеткізу үшін тынбай тіршілік етіп, ел қатарлы табанды еңбек етуде.
– Бәрі біздің қалағанымыздай бола бермейтінін білем. Кейді осы күніме де шүкіршілік етемін. Уақыт өте келе бұл мақсатты қадамдарым жүзеге асады деген сенімдемін. Кейде ұлдарым «Анашым, біз кейін чемпион болғанда Сізге үлкен үй алып береміз», деп жұбатып қояды. Ең бастысы, қос құлыным аман болса деймін. Әлі де перзент сүйсем деген үлкен арманым бар, – деп егіздердің анасы жан жүрегімен ақтарыла сөйледі.
Әңгіме соңында қайсар жүректі Диларахан Сайтова әуелі Аллаға, одан кейін тәжірибелі тіс дәрігері болған асқар тау әкесіне, 40 жылдық ұстаздық еткен аяулы анасына, өмірлік жарына және қиын кезде қолдау білдірген жанашыр адамдардың барлығына, арайлап атқан әр таңына шексіз алғысын білдірді. Өзімен тағдырлас жандарды бір-ақ рет берілетін өмірді тамаша сүруге шақырады.
Жалынды сөзін жеткізген кейіпкеріміз 8 наурыз – әйелдер қауымының мерекесі қарсаңында, барлық аналарды, қыз-келіншектерді мерейлі мерекелерімен құттықтап, өмірлері бақытты, жұмыстары табысты болса деген ниетін білдірді.
Қайсар жүректі, өр рухты Диларахан Тұрсынбайқызының ғибратты ғұмыр кешуіне біз де тілекшіміз. Алға қойған жұмыс жоспары ойының да артық орындалып, құтты қадамдары қуанышқа ұласа берсін, дегіміз келеді!
Дидар МУХАМАДИЕВ.