Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – бұл денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан, тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді.
МӘМС қорына қосылғаннан бері қандай мүмкіндіктерге ие болғандығын Жамбыл ауылдық дәрігерлік амбулаториясы үлгісінде осы жерде жұмыс істейтін жалпы тәжірибелік дәрігер айтып берген еді. Айта кеткен жөн, бұл жүйе аясында аталған амбулаторияға оттегі аппараты, 3 компьютер, 1 қан алатын төсек, ауа тазартқыш аппарат алынған.
–МӘМС мемлекеттің, жұмыс берушінің және әрбір адамның ортақ жауапкершілігіне негізделген. Мемлекет халықтың экономикалық белсенді емес азаматтарына жарна төлейді. Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмыскерлерге, жұмыскерлер мен салық органдарында тіркелген өз-өзін жұмыспен қамтушы азаматтар – өздері үшін жарна төлейді. Медициналық сақтандыру қорына жарналар енгізу арқылы әрбір азамат қабылдаудан бастап дәрігердің толыққанды тексерулеріне дейін және МӘМС пакеті шеңберінде қымбат операцияларға, кез-келген емханада медициналық қызметтердің барлық түрлеріне қол жеткізе алады. Қор өз кезегінде тиісті талаптарға сәйкес келетін медициналық қызметтер көрсетуші мердігерлермен келісім-шарт жасап, медициналық қызмет сапасын қатаң бақылайды, – дейді жалпы тәжірибелік дәрігер Жанар Стамбекова.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап сақтандыру жүйесіне қосылмағандар үшін тегін медициналық қызметттер түрі азайды. Сондықтан әркім міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қосылғандығын, не қосылмағандығын анықтап алған абзал. Ол үшін fms.kz сайтына кіріп, статусты анықтау терезесін таңдайсыз. Сол жерге өзіңіздің жеке сәйкестендіру нөмірін теріп, өзің жайлы толтырылған деректерді тексере аласыз. Ал, сұрақтар туындаған жағдайда 1406 нөмірін теріп, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының байланыс орталығына қоңырау шалуға болады. Сонымен қатар, қазір осы қызметтердің бәрін әрбір тұрғын өзінің ұялы телефоны арқылы да көрсе болады.
– Науқастар біздің дәрігерлік амбулаторияға келгенде алдымен, олардың жеке куәлігі арқылы тіркеу бөлімінде РПН бағдарламасы арқылы тексереміз. Жүйеде ол азаматтың МӘМС-те сақтандырылып немесе сақтандырылмағаны анықталады. Егер де міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлеймейтін науқас болса, азаматқа оның маңыздылығын айтып, алғашқы көмек көрсетеміз, – деп түсіндіріп өтті медбике Меруерт Мұсаева.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында өздеріне тиесілі қызметтерді пайдаланып жүрген ауыл тұрғындары да пікірлерін білдірген еді. Мәселен, Жамбыл ауылында тұратын зейнеткер Светлана Әбдіхалықованың айтуынша, МӘМС жүйесі енгізілгенге дейін ақылы болған сараптамаларды, қазіргі күні тегін тапсырып жүр екен. Ал, аталған ауылда тұратын Равиля Гаджиева да МӘМС арқылы қолжетімді медициналық көмек алуға мүмкіндіктерін өскенін алға тартты.
«Бірінші байлық – денсаулық» екендігін бүгінде адамзат баласы жақсы түсінеді. Адамның алтынға айырбастамас құндылығы саналатын саулықтың қадірін ауырмай тұрып білгенге не жетсін! Бұл ретте ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеудің ұзақ та саламатты өмір сүруге жағдай жасайтынын ескерсек, елімізде жаңадан енгізіліп отырған міндетті медициналық сақтандыру жүйесі осындай мүмкіндіктерге жол ашып отыр. МӘМС жүйесінің қызметін пайдалана отырып, Сіз де денсаулықтарыңызды жіті бақылауда ұстаңыз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.