Жыр-жауһардың алыбы, жыршы, жырау, Жетісу өлкесінің мақтанышы, тарихымыздың тау тұлғасына айналған Жамбыл Жабаевты білмейтін адам жоқ шығар. Биыл, міне, қазақ поэзиясының көрнекті ақынына айналған, суырыпсалма өнердің хас шебері, ұлы ақынға 175 жыл толып отыр. Бір ғасырдай өмір сүріп, ғибратты ғұмырында артында өшпес мұра қалдырған Жамбыл атамыздың мерейтойы қарсаңында оның жеке үйі, яғни, әдеби-мемориалды музейі жайында қалам тербеп, осы рухани орталық жайлы жазуды жөн көрдік.
Мәдени мекеме ретінде насихатталып келе жатқан бұл орталық – Жамбыл Жабаевтың 75 жылдығына орай, 1938 жылы Кеңес үкіметі салып берген өзінің жеке үйі. 1946 жылы арнайы шешім шығарылып, ақынның баспанасы әдеби-мемориалдық музей ретінде пайдалануға берілді. Жыр алыбының денесі өзінің айтқан өсиетімен осындағы алма бағының арасында жерленген. Бір айта кетерлігі, бұл жерден қазақтың ұлы сазгері, күйші Нұрғиса Тілендиевке де топырақ бұйырған.
Жамбыл атамыздың құнды жәдігерлері сақталған мұражайды 2018 жылдан бері ақынның Тезекбай деген ұлынан тараған немересі Салтанат Жамбылова басқарады. Бүгінгі таңда орталықта 13 қызметкер еңбек етеді.
Ақын өмір сүрген үйдің 12 бөлмесі әлі күнге дейін сол қалыпта сақталған. Мұндағы әрбір құнды заттар Жамбыл бабаның шығармашылығын және тіршілігін белгілі бір кезеңмен суреттейтіндей ой тастайды. Ғимарат бір қабатты болғанымен, оның әр бұрышы, қабырғасы, тарихқа толы экспонаттар тарихтан сыр шертеді. Әсіресе, Жамбыл атамыздың жұмыс бөлмесіндегі киізден тоқылған ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Амангелді Имановтың портреті келген қонақтардың көздеріне бірден түсетіні анық. Ақын өз өлеңдерінің көп бөлігін 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне арнағаны белгілі. Біз айтқан ерекше туындының мұражай қабырғасында ілулі тұрғаны да соның маңыздылығын аңғартады.
Мемориалдағы тағы бір ерекше заттардың бірі – талай сөз додаларында айтыскер ақынның серігіне айналған оның домбырасы. Ақынның көне музыкалық аспабы да еш өзгеріссіз сол қалыпта сақталған. Дәл осындай құндылығы жоғары естелік заттардың арасында Жамбыл атамыздың қымыз сақтайтын торсығы, асатаяғы және басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар бар. Одан бөлек,ақынның жүрегі тоқтаған – 7 сағат 55 минутты көрсетіп тұрған сағатты да ерекше айтуға болады.
Рухани ғимараттың ішіндегі суреттердің де өз сырлары бар. Мәселен, Ресейдің Мәскеу қаласына іссапары барысында Жамбылдың С.Мұқановпен, К.Байсейітовамен, Т.Жароковпен, колхозшылармен, мемлекет қайраткерлерімен және Кеңес өкіметін басқарған И.Сталинмен кездесуі барысында түсірілген фотосуреттер ілінген. Балауыздан жасалған ақын мен күйші Дина Нүрпейісованың мүсіндері де ерекше көзге түседі. Бөлмелердің бірінде жыр алыбының мұрасын жан-жақты зерттеген М.Әуезов, С.Мұқанов сынды жамбылтанушылардың шығармалары және ақынның ізін жалғаған К.Әзірбаев, Ү.Кәрібаев, Н.Байғанин, И.Байзақов, ақынның немересі Әлімқұл Жамбыловтай белгілі қаламгерлердің бейнелері бар.
Тарихи орталықтың сыртындағы көлікжайда тұрған «M1 MK» маркалы ақынның автокөлігін айтпасқа болмас. Темір тұлпарды 1938 жылы Кеңес үкіметі ақынның 75 жылдық мерейтойына арнайы сыйға тартқан. Көк түсті машина әлі де жүріп тұр. Тіпті, Қазақстан қалаларындағы көшпелі музей көрмелеріне де талай рет көпшілік назарына таныстырылған.
Әдеби-мемориалға 2016 жылы «Іргетас-Құрылыс ІІ» ЖШС-і күрделі жөндеу жүргізіп, ғимаратты заман талабына сай әрледі. 50 адамға арналған мәжіліс залы салынып, мұражайдың ішкі көрінісі жаңартылып, еліміз бойынша танымал тарихи-мәдени мекемеге айналды. Бүгінде жалпы аумағы 2,5 га болатын бұл қасиетті жерге Қазақстанның түкпір-түкпірінен саяхатшылар мен шетелдік қонақтар да келіп тұрады. Оның ішінде Жамбыл кесенесі мен қазақтың біртуар тұлғасы, композитор Нұрғиса Тілендиевтің құлпытасына арнайы зиярат етушілер де бар екенін айта кеткен жөн.
Даңқы төске өрлеген, қазақ поэзиясының алыбы атанған Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалы, міне, осындай. Ақынның ескірмейтін естеліктері мен құнды жәдігерлері рухани жаңғыру жолында лайықты насихатталса, бабамыздың мол мұрасы да, күллі әлемге мәшһүр есімі де өшпесі анық!
Дидар МУХАМАДИЕВ.