Жыр алыбы атанған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай өңірімізде ауқымды іс-шаралар легі басталып кетті. Әрине, Жамбыл Жабаевтың асқақ рухын қалай ардақтасақ та артықтық етпейтіні түсінікті деп ойлаймыз. Қазақ ауыз әдебиетінің алыбы болып саналатын ақынымыздың немересі, «Жамбыл» әдеби мемориалды музейінің меңгерушісі Салтанат Жамбылдың бастамасымен, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлығының лауреаты Жұмабай Шаштайұлы мен аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Серік Қалиевтің қатысуымен өткен бас қосуда оқушылар көшпелі көрмемен келген 40-тан астам экспонаттарды тамашалады.
Рухани шара аталмыш орталық пен оқушылардың бірлесе ұйымдастырған концерттік бағдарламамен басталды. «Қазақ тілі» әнімен шымылдығы түрілген концерт барысында оқушылар ән айтып, би билеп, жыраудың өлеңдерінен үзінділер оқыды.
Жиын барысында алғаш сөз бастаған «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының директоры Назгүл Бигелдиева бүгінгі шараның маңыздылғы жайлы айтып өтті.
– Жамбыл атамыз қазақ халқының ақындық өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Ол өзінің ұзақ және жемісті өмірін адамның жақсы қасиеттері – отансүйгіштікті, тектілікті, адалдық пен әділдікті жырлауға арнады. Бүгінгі кешімізді біз осы бір қазақ халқының, қазақ жырының алыбы Жамбыл атамызға арнап отырмыз. Бұл шара ол кісінің өмірі мен шығармашылығын насихаттау үшін ғана емес, сондай-ақ, екі музейдің арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін де ұйымдастырылып отыр, – деді орталық басшысы.
Сонымен қатар, Салтанат Жамбыл, Жұмабай Шаштайұлы мен Серік Қалиев те сөз сөйлеп, ақынның елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақырған, туған ел мен жерді қастерлеуге, Отанды сүюге үндеген өміршең жырларына тоқталып, ақын шығармаларының жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеудегі маңызды рөлі туралы әңгімеледі. Мұнан кейін ол «Жамбыл» әдеби мемориалды музейінің қорынан алып келінген ақынның өмірі мен шығарма-шылығын бейнелейтін ғылыми әдебиеттер, жәдігерлер мен бейнелеу өнері туындылары ұсынылған көрмемен жалғасты. Оның барысында көрмеге қатысқан жастар құрметті қонақтардың сонау Мәскеуге барып, Сталиннің алдында салмақты сөз, саналы ой айтқан Жамбыл атамыз жайлы әңгімелерінен бөлек жыр алыбының домбырасы, киген шапаны, кітаптары сияқты оның қолданған заттарымен танысты. Сондай-ақ, әртүрлі суретшілердің алып жыршыны бейнелеп салған туындыларын тамашалады. Мұнан бөлек Жамбыл атамыздың атқарған еңбегі үшін алған марапаттарын өз көздерімен көріп, оларды қашан және не үшін алғаны туралы Салтанат Тезекбайқызының айтқан әңгімесін тыңдады.
Маңызы мол шара соңы Салтанат Жамбыл мен Жұмабай Шаштайұлының дөңгелек үстелде жастармен кездесу өткізіп, қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы жайлы өздерінің естеліктерімен бөлісіп, оқушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беруімен аяқталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.