Сәрсенбі күні орталық кітапхананың оқу залында аудандық ардагерлер кеңесінің отырысы болды. Барлық санитарлық талаптар сақталып өткізілген бұл бас қосуды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Едіген Жүнісбеков кіріспе сөзбен ашты.
Мұнан кейін күн тәртібі бойынша оның орынбасары Сағат Мәсімақынов «Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Қарасай аудандық филиалының 2020 жылы жүргізген жұмыстарының қорытындысы» туралы баяндама жасады.
Мемлекеттің алға басып, өркендеуіне ардагер аталар мен әжелердің қосатын үлестері қомақты. Олардың бәрі де жалындаған жастық шақтарын, қажымас қайраттарын ел мен жер игілігі үшін аямай жұмсады.
Ауданда бір қалалық, 10 округтік ардагерлер кеңесі және аналар алқасы, олардың 46 бастауыш ұйымы жұмыс істейді. Бүгінде 3 Ұлы Отан соғысының ардагері, 676 тыл еңбеккері, 2 Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілгендер, 54 Чернобыль апатын жоюға қатысқандар, 251 ауған соғысының ардагері және 23595 зейнеткер бар.
Аудандық ардагерлер ұйымы аудан басшылығының қолдауына сүйене отырып, жергілікті әкімдіктер мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы Далабаев ардагерлердің жай-жағдайына тұрақты көңіл бөліп отырады.
Иманжан Мамырбаев, Қалида Қосшығұлов, Базаркелді Анисов, Елтай Хасенов, Амангелді Толынбеков, Несіпбала Әбділдаева сияқты жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағалары мен Салиха Тойымбетова, Азиза Наимбаева, Нағима Сағатова тәрізді аналар алқасының төрағалары жақсы жұмыс атқарып келеді.
Отырыста Елтай, Жамбыл, Ұмтыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағалары Қалида Қосшығұлов, Амангелді Толынбеков, Елтай Хасенов пен аудандық аналар алқасының төрағасы Ақылия Бекбайқызы сөйлеп, ой-пікірлерін, ұсыныс-тілектерін ортаға салды.
Келесі кезекте 2021 жылға арналған жұмыс жоспары, 2021 жылғы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, оған теңестірілгендердің, тыл еңбеккерлерінің, ауған соғысы ардагерлерінің тізімі бекітілді. Сонымен қатар, аудандық филиалға бөлінген қаражаттың жұмсалуы туралы есеп еске алынды.
Отырысты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Едіген Исатұлы қорытындылап, халықтың ынтымақ-бірлігі мен тату-тәтті тірлігінде, ел-жұрттың тыныштығын сақтауда, жас ұрпақ тәрбиесінде, басқа да көптеген қоғамдық істерде ардагерлердің еңбегі ерекше екенін атап айтты. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» дегендей, қарт кісілердің үнемі көпшілікке үлгі көрсетіп жүруінің үлкен маңызы бар екенін еске салып өтті. Аудандық ұйым тарапынан алда да ауқымды жұмыстар атқарыла беретініне назар аудартты.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.