Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамытуға үнемі көңіл бөлуде. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы саласына үлкен қолдау көрсетіліп, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Газетіміздің бүгінгі санында біз осындай кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге бағытталған «Игілік» несиелеу бағдарламасы жайлы сөз қозғаймыз.
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының менеджері Елена Константинованың айтуынша, жалпы аталмыш бағдарлама ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған. «Игілік» несие өнімі арқылы 4 млн. теңгеге дейін 78 ай мерзімге 6 пайызбен несие алуға мүмкіндігіңіз бар. Оның аясында кәсіпкер алған несиесіне ірі қара мал сатып ала алады. Нақтырақ айтқанда, несие алушы мал шаруашылығымен айналысып, оны кеңейтіп, мал басын арттырғысы келсе немесе құс өсіру және омарта шаруашылығымен айналысуға бел буса және қарыздың 20 пайызынан аспайтын сомада жем алуға беріледі. Мәселен, егер жеке кәсіпкер біраз уақыт сиыр өсірумен айналысып, оны көбейткісі келсе, бұл несие түрі оған өте тиімді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бағдарлама негізінде несиелер жылдық 6% сыйақы мөшерлемесі бойынша беріледі. Несие өніміне байланысты мерзім, сомасына байланысты жеңілдік кезеңінің мерзімі өзгереді. Сондай-ақ, несиелеу кезінде аграрлық саланың ерекшелігі, ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығы ескеріледі.
Аталған бағдарлама арқылы несиені кімдер ала алады?
Бұл бағдарлама арқылы жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, фермерлік қожалықтар, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтер несие ала алады. Бірақ, бұл бағдарлама бойынша несие алу үшін шаруаның міндетті түрде алатын қаржысының толық құнын жабатын кепілзаты, яғни, жылжымайтын мүлкі болуы керек.
Несиені алу жолы
Ал, енді жоғарыда аталған бағдарламалар бойынша қалай несие алуға болады деген сауалға келсек. Алдымен кәсіп бастаушы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына жүгініп, сонда бір ай «Бизнес бастау» курсын оқиды. Палата мамандары азаматтарға кәсіп ашудың қыр-сырын толықтай үйретіп, қажет құжаттарын жинап, ауыл шаруашылығын қолдау қорына жолдама береді. Одан бөлек, ауыл тұрғыны «Атамекен» берген жолдамамен бірге жұмыспен қамту орталығынан жұмыссыз екенін растайтын анықтама мен салық органдарынан қарызы жоқ деген анықтаманы, кепілге қоятын үйдің құжаттарын қоса әкелуі тиіс. Азаматтың несие тарихы да таза болғаны жөн. Тағы бір ескертетін жайт, аталған бағдарлама арқылы несие алғысы келетін адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне үш жылдам кем болса онда ол арнайы оқыту курстарынан өтуі қажет. Ал, егер тіркелгеніне үш жылдан көп болса, онда несие алуға тікелей өтініш білдіре алады.
Несие алу үшін кәсіпкерлерге қажет құжаттар тізімі
– несие алуға өтініш;
– арнайы дайындалған сауалнама;
– жеке куәлік (паспорт);
– қарыз алушының жалақысын және басқа да кірістері бар болса (соңғы алты айғы) соны растайтын құжат;
– ЕДБ (екінші деңгейлі банк) алдындағы қарыздың бар-жоғы туралы қызмет көрсететін банктің анықтамалары (анықтаманың мерзімі несие алуға өтініш берген күнге дейін 2 айдан аспауы қажет);
– жеке кәсіпкерлер үшін: жеке кәсіпкерді салық органдарында немесе мемлекеттік кірістер органдарында мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (егер жеке кәсіпкер мемлекеттік тіркеуге жататын болса) негізінде шаруа немесе фермер қожалықтары мүшелерінің тізімін қоса бере отырып бірлескен кәсіпорын немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған хабарлама;
– қолтаңбалар мен мөрі басылған карта (егер бар болса);
–қарыз алушының салық берешегінің, (міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқтығы (бар екендігі) туралы анықтама немесе салық берешегі және басқа да міндетті төлемдер бойынша қарыз алушының болмауын (болуын) растайтын салық органдары берген салыстыру актісі. Компанияның уәкілетті органының несиелік өтінімді қараған күніне дейін бюджетке (тек жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, шаруа қожалықтары үшін) (анықтаманың мерзімі несие алуға өтініш берген күнге дейін 2 айдан аспауы қажет);
– соңғы алты айдағы қарыз алушының – жеке тұлғаның жеке зейнетақы шотынан жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме;
– толық аты-жөнін көрсете отырып, қарыз алушының қолымен куәландырылған бизнес-жоспар немесе несие берудің техникалық-экономикалық негіздемесі;
– несиелік тарих субъектісінің несиелік бюроға ол туралы ақпарат беруге, сондай-ақ, үлгі бойынша несиелік есеп алушыға несиелік есеп беруге келісім беруі;
– субъектінің ақпарат беруге, берілген несие туралы ақпаратты алуға және қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау (орындамау) туралы барлық шаблонға сәйкес келісімі;
– шаруа қожалығы немесе ауыл шаруашылығымен уәкілетті органының оны соттан тыс сату құқығымен мүлікті кепілге қоя отырып, несие алу жөніндегі мәмілені бекіту туралы шешімі (КХ мүшелерінің жалпы жиналысының хаттамасы, жұбайының келісімі бірлескен кәсіпкерлікке негізделген жеке кәсіпкерлікке негізделген ферма басшысы);
– шаруа қожалығы немесе ауыл шаруашылығы ұжымының мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;
– тізім бойынша кепілге салынған мүлік туралы құжаттар.
Қарыз алушыға қойылатын негізгі талаптар
Жалпы бұл несие кәсіпкердің бизнесін кеңейтіп, мал басын арттыруға бағытталғандықтан несие алушының міндетті түрде барлық ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай малды ұстай алатын өзінің жері болуы керек. Сондай-ақ, басқа банктерде ешқандай уақыты өтіп кеткен қарызы болмауы қажет, бір сөзбен айтқанда, қаражат алушының несие тарихы таза болуы керек. Тағы бір айта кетерлігі, егер де кәсіпкер «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасының қатысушысы болса, онда бұл азаматта «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқуды аяқтағаны туралы сертификат болуы керек.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.