Жас қарасайлық спортшылардың шынығуына мол мүмкіндік туғызып, түрлі додалар ұйымдастырылып тұратын аудандық №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жақында палуандардың жарысы өтті. Бұл жолғы турнирде 2004-2008 жылғы спортшыларымыз еркін және грек-рим күресінен түрлі салмақта бақтарын сынап, Алматы облыстық чемпионатына жолдаманы сарапқа салды.
Алдымен 16 қаңтар күні грек-рим күресінен ауданның жасөспірімдері сынға түсті. Боз кілемде өткен жарыстың нәтижесі бойынша Бейбіт Жеткерұлы, Азат Алжанов, Рахат Нажәматдинов, Мағжан Оңласын, Дінмұхаммед Әмірқұл, Данияр Базарбек, Әділет Құрылыс, Өмірбек Құрылыс, Мирлан Зәуірбек, Сұңғат Әбетай сынды балалар іріктеуден өтіп, облыстық чемпионатқа жолдама алды.
Ал, 23 қаңтарда еркін күресті серік еткен ұл-қыздарымыз белдесіп, өзара кіл мықтыны анықтады. Бағы жанған жас палуандардың арасынан Дәулет Қошқарбек, Әліби Рақымбай және Румиса Торбай дара көрініп, аудандық чемпионаттың жеңімпаздары атанды.
Алдағы уақытта есімдері аталған балуандарымыз Алматы облыстық чемпионатына қатысып, ауданның абыройы үшін бақ сынайтын болады. Қарасайлық спортшыларымызға тек сәттілік тілейміз!
Өз тілшіміз.