Биыл ақиық ақын – Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл. Осыған орай, осы аптаның сәрсенбісінде, Іргелі Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, оқушылар арасында «Мұқағали оқулары» байқауы өтті.
Ақынның жауһар жырларымен көрермендерді сусындатқан жыр мерекесіне Іргелі ауылдық округінде орналасқан мектептерден 20-ға жуық оқушы қатысты. Шетінен сен тұр, мен атайын дегендей, бәрі шашасына шаң жұқтырмай жүрген жас жүйріктер. Олардың өнерлері бүгінгі жыр додасында сыналды. Ақын жүрек тебіренісін, поэзияға деген махаббатын қым-қуыт тіршіліктің өміріне дүркін-дүркін соққы беруі, жанын ауыртып, жүрегіне салмақ салуы тағы бір мәрте сахналанды. Қарап тұрсаң, әрбір сағат, әрбір минут арпалыстан тұратынын ақынның өз өмірінен көруге болады. Бірі күліп, бірі қабақ шытып қарсы алатын мінезбен мезі еткен мерез қылықты пенде біткенді кешірмеген ақын жүрегі күн санап ауырды. Кертілген көңілді, кері кеткен өмірді жеңу үшін өлеңге кеп жүгінді. Өлеңге келіп жылынды. Қуат алды, қуанды. Дәп басып, дәл тигізіп айтты. Сондықтан да ақын жырлары өміршең, өлмейді. Иә, поэзияның құдіреті деген осы да болар!
Кіл мықтыдан кім мықтыны білу үшін аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Еркін Рахимов, Шамалған Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Қонақбай Жалмаханов, Кемертоған орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Арай Қуандыққызы қазылық етті.
Қызығы қыза түскен жыр додасының ережелерімен таныс болған үміткерлер ақынның өлеңдерін жатқа айтуға талпынып көрді. Көбіне тұсау болғаны-кейбірі өзі жаттаған өлеңдерін өздері ұмытып ұпай сандарын төмендетіп алып жатса, қайсыбірі жыр жолдарынан жаңылды.
Ілгерілі-кейінді өнер көрсеткен қатысушылар «Мұқағали оқуларында» өз деңгейлерін барынша байқатты. Шын мәнінде әр жылда өтетін ақын атындағы оқулар жас ақындарға, жыр сүйер өрендерге жол ашып, әдебиетті, поэзияны құрметтеуге, өнерді дәріптеуге үйрететінін көрсетіп келеді. Бүгінгі дода да дәл сондай мақсатта өзара бесекелестік бәйге арқылы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, жеңімпаздарды, жүлдегерлерді анықталды. Сонымен байқау қорытындысына сәйкес үшінші орынды Л.Толстой мектебінен Алуа Смагұлова мен М.Мәметова мектебінен Айназ Байтұрсын иеленді. Ал, екінші орынды Кемертоған мектебінен Адэля Ким мен М. Мәметова мектебінен Таңшолпан Күнебай қанжығаласа, бірінші орынды Кемертоған мектебінен Диана Ілиясова алды. Көпшілік күткен бас жүлдені өлеңде қарсылас маңайлатпаған Кемертоған мектебінен Ернар Маханбетәлі жеңіп алды.
Келген барлық қатысушыларға қазылар алқасы атынан ынталандыру грамоталары табысталып, еңбектері бағаланды. «Мұқағали оқулары» әдемі өрнегімен жиналған жұртшылықты сағыныш болып бір сейілтіп, жабырқау көңілдерін жадыратып тастады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.